Тұрғындарының басым бөлігі ауыл адамдары болып табылатын Түркістан облысы үшін «Ауыл аманаты» жобасы үлкен маңызға ие бастама екені белгілі. Өткен жылы осы жобаны жүзеге асыруға мемлекет 19,8 млрд теңге бөліп, өсімдік шаруашылығын дамыту, мал және құс шаруашылықтарын жолға қою, балық өсіру ісін өркендету, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші кооперативтерді жабдықтау, ауыл тұрғындары үшін кәсіп бастауға қолдау көрсету бағыттарында 16 аудан, қаладан 64 ауылдық округ белгіленді. Нәтижесінде, аграрлық салада – 328, мал шаруашылығында – 2672, құс өсіру бағытында – 17, балық өсіруде – 36, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтауда – 39, ауыл азаматтары үшін кәсібін бастауда – 129 жоба қолдау тауып, қаржыландырылды.
Жобаны іске асыру шеңберінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылса, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 340 адамға қысқарған. Ауыл тұрғындарының табыс көзі 20 пайызға артып, орташа есеппен 171 мың теңгеге жеткен. Шағын кәсіпкерлік субъектілердің саны 2544 бірлікке жетіп, мал басының саны 64 мыңнан асқан. Қайта өңдеу саласында 19 кәсіпорын іске қосылып, жылыжайлардың үлесі 328 бірлікке жеткен. Бұл облыс бойынша «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қол жеткізілген көрсеткіштер болатын.
Осы жобаның атқарылуы мен тиімділік көрсеткіштері туралы Сарыағаш аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелеріне Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев баяндады. Аудандық мәслихат төрағасы, фракция жетекшісі мен мүшелері өткізген жиынға аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлері, партияның аудандық филиалының өкілдері қатысты.
Өткен жылы пилоттық жоба Жібек жолы, Жартытөбе, Қызылжар, Құркелес ауылдық округтерінде жүзеге асқан. Жоба шеңберіндегі алты бағыт бойынша жүзеге асатын жобалар іріктелген. Белгіленген ауылдық округтер кесіндісінде 4 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, несие алуға ниетті азаматтар осы кооперативтерге біріктірілген. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 820 азамат жұмыспен қамтылған.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасын Қабыланбек, Дербісек, Тегісшіл, Дарбаза ауылдық округтерінде жалғастыру туралы шешім қабылданған. Оның ішінде Қаыбланбек, Тегісшіл, Дербісек ауылдық округтерінде өсімдік және балық шаруашылықтарын дамыту көзделсе, Дарбаза ауылдық округінде құс шаруашылығын жолға қою жоспарланған. Сондай-ақ айқындалған ауылдық округтер бойынша ауыл шаруашылығы тауырларын өндіруші кооперативтерді жабдықтау және тұрғындарға өз кәсібін ашуға жеңілдетілген несиелер беру көзделген.
Айта кету керек, бағдарламаның іске асырылуы тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жеке табысын ұлғайтуға, ауылдардағы мүлікті және бизнестің жаңа субъектілерін тіркеу арқылы 4-деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтуға, толық циклді қайта өңдеу өндірістерін құру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.
Келесі жаңалық