Қоғам

Қозғалыстардың саяси партиялардан негізгі ерекшелігі

 Нақты ұйымдасу құрылымының жоқтығы. Қозғалыстарда нақты белгіленетін мүшелік болмайды. Олардың құрамына жеке азаматтар да, сонымен қатар ұйымдар да кіре алады.

Бір немесе бірнеше мақсаттар төңірегіне бірігу. Қозғалыстар өз мүшелерінен барлық мәселелер бойынша идеологиялық жақындықты талап етпейді. Әдетте, азаматтарды нақты мақсат біріктіреді, ал ол мақсатқа қол жеткізу сол қозғалыстың ыдырауына немесе оның жаңа ұрандармен қайта қүрылуына алып келуі мүмкін. Мәселен, 80 жылдардың аяқ кезінде ұлттық тәуелсіздік идеясы бұрынғы КСРО республикаларының көптеген азаматтарын біріктірді.

Осының негізінде Латвия, Эстония, Грузия, Әзірбайжан, Белоруссия, Молдавия елдерінде халық фронттары, ал Украинада «Рух», Литвада «Саодис», Арменияда армяндық жалпыұлттық қозғалыстар пайда болды. КСРО қүрамындағы республикалардың осыдан кейін көп өтпей-ақ өз тәуелсіздіктеріне қол жеткізуі, өз кезегінде, сол идея негізінде құрылған саяси партиялар мен басқа да ұйымдардың ыдырауларына алып келді. Ал, өздерін сақтап қалған қозғалыстар өз мақсаттары мен міндеттерін өзгерте отырып өздерінің бұрынғы бұқаралық сипатынан айырылды. Оларды тіпті жаңа ұйымдар деп те айтуға болады. Жоғарыда аталған барлық нақты ұйымдар («Невада-Семей», «Азат» және т.б.), өздерін тек осы мағынада қозғалыстар деп атайды. Олардың партиялардан ерекшелігі — олар парламенттік орындар үшін және үкіметті жасақтау құқығы үшін күресуді өздерінің алға қойған мақсаттарына қол жеткізудегі басты әдісі деп санамайды.

Сондықтан, олар бұқаралық шаралар ұйымдастыру жолымен мемлекетке, жергілікті билік органдарына ықпал етеді, олардың қандай партияларға жататындығына қарамастан депутаттарды өз жағына тартып жұмыстар жүргізеді. Солай болса да, бірқатар қозғалыстар сайлау кампанияларына қатысады және онда біршама жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады. Мұндай ұйымдардың көпшілігі өздерінің саясатқа араласпайтындықтарын жариялай отырып, өздеріне жақын партиялар мен одақтарға қолдау білдіру жолымен саяси күреске жанама түрде қатысады. Қазіргі күнде Қазақстанның саяси өмірінде әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар — партиялар, кәсіподақтар, әйелдер, жастар, діни ұйымдары, клубтар, одақтар, ассоциациялар, құқық қорғаумен айналысатын бірлестіктер және тағы басқа да көптеген ұйымдар әрекет етеді.

Саяси жүйе үнемі дамуда болуы тиіс. Саяси реформалардың жасалуы партиялық жүйенің дамуына әсер етеді. Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді. Пайыздық шекті азайту дегеніміз жаңа партияларға мүмкіндік беру, Парламентте көппартиялы жүйенің орнауына ықпал ету және қызу пікірталастарға жол ашу деген сөз.

2023 жылы 19 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасады.

Президенттің мәлімдемесінде мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады.

Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады.

Және партиялық тізімде әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кемінде 30% ұсынылуы тиіс. Бұл дегеніңіз, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады деген сөз. Енді өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Біз дамудың жаңа дәуіріне қадам бастық. Қазақстанда қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді.

Қатысты жаңалықтар

КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ: Үлгілі, өнегелі, өмір тәжірибесі бай адам ғана ұстаз бола алады

azatmedia

Отбасылық өмірдің құндылықтары қандай?

azatmedia

Қайырымдылықтан масылдыққа

azatmedia