Қоғам

Сегіз мәселе сенім ұялатты

Жайлы өмір сүру кімге жақпайды дейсіз. Бірақ, өмір болған соң оның тақтайдай тегіс тұстарымен қатар, кедір-бұдырлы жолдары да аз болмайды. Егер өмірді ұзақ жолға теңесек, әрине, адам баласы өзінің өмір жолының барынша дұрыс, тақтайдай тегіс болғанын дұрыс көреді. Ал, тәуір өмір сүру үшін тек бірлі-жарым адамның әрекет еткені аздық етеді, ол үшін қоршаған ортаңның қолайлы болмағы ләзім. Оны өзгерту үшін тұтас қоғамға қозғау салуың керек. 

Иә, ескі жүйеден шаршаған халықтың бүгінде жаңа қоғам қалыптастыруға соншалықты мүдделі екенін аңғару қиын емес. Қалың елдің қалауындағы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біраздан бері қозғап келеді. Кешегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте де бұл тақырыпқа кеңінен тоқталып, оның шешілу жолдарын да тарқатып берді.

Ауыл шаруашылығы ақсап жатыр

Ең алдымен адамдардың айлығы шайлығына әрең жететінін айтқан Президент импортқа тәуелділікті барынша азайтуды тапсырды. «Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді. Тіпті, мәселені ушықтырып жіберуі де мүмкін» деген Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ екенін де жасырмады. Азық-түлік инфляциясына негізгі себеп осы екенін айта келе: «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінетін бюджет қаражаты тиімді жұмсалуға тиіс. 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны мысалға алатын болсақ, бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алудан үміткерлердің тек он пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал, қарапайым шаруалар субсидияға қол жеткізе алмай сабылып жүр».

Айтса айтқандай, елімізде мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер қарапайым адамдардың қолына жете бермейді. Бар мүмкіндікті «бұлақ басында» отырғандар өзара бөлісіп, қарапайым шаруалар тіпті бұл жаңалықтан хабарсыз болып қалатыны да жасырын емес. Осы орайда мемлекет тарапынан берілетін қандай да бір жеңілдіктер елге толық, әділ жолмен жету үшін бұл саланы барынша цифрландыру керек.

Бұл ахуалдың салдары ауыр болуы мүмкін

Бүгінде қарызы жоқ адамды табу қиын шығар. Көшеде жүрген екі адамның бірі екінші деңгейлі банктерден несие алып, онысын дер кезінде төлей алмай, әбден титықтап жүргенін несіне жасырамыз?! Жоғары пайызбен берілетін несиені бір жүйеге келтірмейінше, халықтың қарыз атты «қақпанға» тұтылғаны тұтылған екенін айтқан Мемлекет басшысы несиені шүлен таратқандай оңды-солды үлестіре беруге болмайтынын айтты. «Инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатыр. Жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз. Бұған қоса тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы. Бірақ, мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті, банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал.

Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. 

Көлеңкелі бизнес көбейіп кеткен

Салық төлеуден жалтарып жүргендер жайлы соңғы кездері жиі айтылатын болды. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны анық. Бірақ, сол «желдің» қай тұстан соғып жатқанын емес, не үшін соғып жатқанын анықтау керек сияқты. Мемлекет қазынасына түсетін салықтың көлемі соңғы бес жылда айтарлықтай азайып кеткеніне қарағанда елімізде көлеңкелі бизнес түрлері де күрт көбейген сияқты. Әйтпесе жыл өткен сайын шағын және орта бизнесті өркендету үшін қыруар қаржы жұмсап, оның оңтайлы игеріліп жатқаны жайлы ауыз толтырып есеп беретін елде салық түсімі азайып кетуі ақылға сия ма? Мұның ақылға сыймайтынын орынды сынаған Президент макроэкономикалық саясатты өте байыпты жүргізбесек, кейін кеш болатынын да ескертті. «Бюджет тапшылығын, мемлекет қарызын, Ұлттық қордан аударылатын трансфертті және басқа да макрокөрсеткіштерді тез арада реттеу қажет. Иә, экономикамыз өсіп жатыр. Бірақ, салық түсімдерінің ішкі жалпы өнімге қатысты өсу қарқыны тұрақсыз. Кейбір мамандар «Салық жеңілдіктері өте көп болған соң, түсім азайып жатыр» дейді. Бұдан басқа да себептер айтылады. Жалпы, соңғы бес жылда бюджетке 30 триллион теңге кем түскен. Әрине, бұл цифрдың дұрыс-бұрыстығын тексеру қажет. Талай жылдан бері жалғасып келе жатқан осы мәселені түпкілікті шешетін уақыт жетті» деді Президент. 

Қазір жаңа Бюджет кодексі дайындалып жатыр. Осы ретте бюджет ережелеріне және оны мүлтіксіз сақтау қажеттігіне ерекше назар аудару керек екенін айта келе мұндағы ең басты 

қағида – көрпеге қарай көсілу екенін де ескертті. Сондай-ақ, Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажеттігін бұған дейін де талай рет ескерткенін айтты.

Адал бәсеке алға жетелейді

Экономиканы монополиядан арылту маңызды міндет екенін айтқан Мемлекет басшысы бұл бағытта нақты жұмыс басталғанын да жоққа шығармады. «Нәтижесі қазірдің өзінде жаман емес. Бірақ, мұнымен шектелуге болмайды. Елімізде мекемеаралық комиссиялар құрылды. Олардың алдына нақты міндеттер қойылды. Осыған орай заңсыз шығарылған активтерді қайтару, әділеттілікті қалпына келтіру, адал бәсекелестікке жағдай жасау керек. Мұның бәрі – уақытша міндет емес. Керісінше, бұлар – жаңа экономикалық саясаттың басты қағидаттары.

Тауар нарығының монополиялық құрылымы әлі де өзгере қойған жоқ. Оның үстіне бизнес, әсіресе, орта бизнес қарқынды дамымай отыр. Сондықтан тың шараларды қолға алу қажет. Үкімет осыған қатысты нақты ұсыныстар беріп, бір шешім қабылдауға тиіс» дей келе «Стратегиялық нысандар» ұғымын айқындау тәсілін қайта қарау қажет шығар деген ұсыныс айтты. «Бәлкім, аймақтық маңызы бар стратегиялық нысан ұғымын енгізу керек шығар. Бұл – әлемдік тәжірибе. Бәрін ойланбай өзгерте беру экономикалық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл мәселенің өзектілігі тіпті арта түсті. Қазақстан салмақты және дербес экономикалық саясат жүргізуі керек. Қоғамдық ресурстар қолжетімді болуы үшін ашық аукцион қағидаттарын басшылыққа алу қажет. Бизнес өкілдері барлық міндеттемелерін адал орындау үшін тиімді бақылау жүйесін орнату керек. Монополистерге қарсы қозғалған істер бойынша сапалы жұмыс атқарылуға тиіс. Ол үшін қазылардың білікті болуы аса маңызды».

Теңге тиімді жұмсалуы тиіс

Иә, қазір заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жұмысы жандана түскені рас. Қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуін қадағалауды тапсырған Президент барлық қаражат толығымен еліміздің экономикасын дамытуға жұмсалуы қажет екенін қатаң ескертті. «Осы орайда қаржыны қайтарып, елімізді өркендетуге атсалысқысы келетін азаматтарға мынаны айтқым келеді. Жаңа индустриялық жобаларға қаржы салыңыздар. Қазақстанда жаңа өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құрыңыздар. Сонда мұндай активтерге және оның иелеріне қатысты ешқандай мәселе туындамайды. Тағы да қайталап айтамын, біз адал әрі ашық жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасаймыз».

Қоғамда қызу талқыланған тарифті өсіру мәселесі де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. «Жұрт коммуналдық қызмет үшін төлеген ақшасы қайда кетіп жатқанын көріп отыруға тиіс» деген Президент оған қазіргі заманғы ақпараттық технология толық мүмкіндік беретінін айта келе, ол ақша жаңа қуат көздерін іске қосуға және жұмысшылардың жалақысын көтеруге жұмсалатынын жеткізді. 

«Судың да сұрауы бар». Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті, су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді. Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек». Төртінші мәселені осылай түйіндеген Президент елімізде денсаулық сақтау және білім беру салаларына да реформа керек екенін ескертті.

Жалған іс жарға жығады

Ұлт саулығы өте маңызды мәселе. Осыны ескермесек, экономиканы реформалау бос әурешілік болады. Ол үшін адамдарға сапалы медицина қолжетімді болуы қажет. Денсаулық сақтау жүйесінде шешімін күткен проблемалар көп. Сондай-ақ, білім саласында да көңіл бөлінбей жатқан мәселелер жетіп артылады. «PISA халықаралық зерттеуіне қарасақ, еліміз соңғы 10 жылда орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан көтерілген жоқ. Басты түйткілдің бірі – балалардың білімін біржақты бағалау. Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді өзің алдау жарға жығады» деген Мемлекет басшысы, тіпті, бұл салада адами факторға нұқсан келіп жатқанын да жасырмады. «Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті, ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады.

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек». 

Жетінші және сегізінші мәселелерде де қоғамдағы өте өзекті проблемаларды ашып айтқан Президент ондай тығырықтан шығудың жолдарын да мейлінше көрсетіп берді. Яғни әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту жергілікті әкімдердің басты міндеті екеніне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрғындары таза сумен және тұрақты электр қуатымен толық қамтамасыз етілуге тиіс екенін ескертті. Сондай-ақ, мобильді байланыс және интернет қолжетімді болуы керек екенін айтты. Елге қаптаған статистика емес, нақты нәтиже, жылдам интернет, сапалы байланыс керек.

Соңғы сөздің салмағы

Президент кеңейтілген кеңестегі сөзін қорытындылай келе жаңадан сайланған депутаттарға салмақ сала сөйледі. «Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда бізге, ең алдымен, мызғымас бірлік қажет. Сондықтан азаматтарымыз Парламенттің жаңа құрамына ерекше үміт артып отыр. Ал, Үкімет Парламентке өз жұмысы жөнінде есеп береді. Жергілікті депутаттар аймақтағы тексеру комиссияларымен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы екі жылда пилоттық жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтетінін тағы да тілге тиек етті. 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату аса маңызды екенін айтқан Мемлекет басшысы әкімдерге барынша ашық, халықшыл болуды тапсырды. «Әрбір аймақтың өз ерекшелігі және «әлсіз тұстары» бар. Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады. Бұл жауапкершіліктен құтқармайды, қайта мәселені одан сайын күрделілендіріп жіберетінін айта келе айтылған мәселелер ертерек жүзеге асу үшін әрбір азамат белсене атсалысуы керек екенін ескертті. 

Иә, заң мен тәртіп қатаң сақталған жерде берекелі тірлік болады. Қоғамдағы қадау-қадау мәселелерді ашық айтып, оның шешу жолдарын да көрсетіп берген Президенттің сөзі көптеген көңілдерге сенім ұялатып, болашақта атқарылатын жұмыстарға бағдар жасап берді деуге болады. Сонымен көңілдерге сенім ұялатқан сегіз мәселенің ертерек оңтайлы шешілуіне атсалысу – еліміздің ертеңіне бей-жай қарай алмайтын әрбір азаматтың асыл борышы деп білген жөн.

А.Құдайбердіұлы

Қатысты жаңалықтар

“Масылдықтан арылу жолы – рухани баю”

azatmedia

Ынтымақтастық рухын қалай қалыптастырамыз?

azatmedia

Шымкент: 30 медицина қызметкеріне өтемақы беріледі

azatmedia