Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында жаңадан «Тәубе» мешіті ашылды деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы Dalainform тілшісі.
Мешіттің ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Салиқалы ұрпақ» қорының құрылтайшысы Болат Назарбаев қатысты.
Салтанатты рәсімде бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елімізде жыл сайын мешіттер саны көбейіп, имандылыққа бет бұрған азаматтар қатары да артып келе жатқанын айтты.
«Студенттерге арналған жатақхананы көрдік. Қандай керемет. Жағдай жасалған екен. Жастар еліміздің болашағы, олардың дені сау болса, білімі мықты болса, Құдай қаласа, еліміздің келешегі мықты болады»,- дейді ол.
Облыс әкімі Амандық Баталов та қалалықтарға ізгі тілегін арнап, жаңа мешіттің тұрғындарға рухани азық беретін құтты мекен болатындығына сенім білдірді. Өңір жетекшісі облыс орталығының көркіне көрік қосып, жаңа шағын ауданда орын тепкен осы мешіттің құрылысына қолдау көрсеткен «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорына барша Жетісу жұртшылығы атынан алғысын жеткізді.
Шара барысында Құран оқылып, дұға бағышталды.
Талдықорғанның кіре берісінен бой көтерген жаңа «Тәубе» мешіті қаланың ажарын аша түспек. Сәулетті ғимарат биіктігі 40 метр болатын қос мұнарадан тұрады. Күмбезінің биіктігі 10, диаметрі – 18 метр. Құлшылық жасаушыларға қолайлы жағдай жасалған. Барлық бөлменің едені жылытылады. Ауаны тазартып тұратын озық үлгідегі жүйе жүргізілген.
Бұған дейін Болат Назарбаевтың қайырымдылық қоры Алматы облысында 350 орын, ал Алматы қаласында 1 мың адам сыятын мешіт салып берген.
Қор, сондай-ақ, биыл коронавирусқа қарсы күреске 150 миллион теңге бөліп, Түркістан облысының Мақтарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жиырма үй тұрғызған.
Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтан қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Орталық Азияда ең үлкен, 30 мың адамдық жердегі Алланың үйі бой көтеруде.