Пандемияға қарамастан, Жаңа жыл қамын жаздан ойлаған мемлекеттік мекемелер туралы жазады6 деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындалып жатыр. Жаман айтпай жақсы жоқ, Премьер-министр COVID-2019 вирусының екінші толқыны болса да, болмаса да, бүкіл әкімдер мен меморган басшыларын 15 қазанға дейін кез келген жағдайға 100% дайын отыруды тапсырды.
Осылайша, бас мінберлерден тек эпиджағдайға ғана қатысты болжам айтылып жатқанда, аймақтардағы мекемелер мемлекеттік сатып алу сайтында Жаңа жылға қызу дайындалып жатыр. Айтпақшы, пандемия басталғалы өңірлер дәрі-дәрмек сатып алу үшін бюджеттен 16 млрд теңгеден астам қаражат сұраған. Оның жартысы, яғни 8 млрд теңгеден астам қаражат вирустың екінші толқыны болса, қалғаны ай сайын 60 мың адамды дәрімен қамтамасыз ету үшін бөлінген.
1 ШЫРША – 700 МЫҢ ТЕҢГЕ
Ел іші маусым-шілде айларындағы өлім-жітімнен енді ес жиып жатқанда, Қарағанды әкімдігіне қарасты №23 орта білім беретін мектептің директоры жаңа жылға дайындала бастаған. 17 тамыз күні мемлекеттік сатып алу сайтында лот жариялаған мектеп директоры Нүркен Ашықбаев бір шыршаны сонау Түркістан қаласындағы жеке кәсіпкерден 717 285 теңгеге сатып алған. Мектептің талабына сай, енді «Күкенова» жеке кәсіпкерлігі Қарағандыдағы мектепке биіктігі 7 метр шырша әкеледі. Жаңа жылға дейін әлі үш ай уақыт барын ескерсек, жеке кәсіпкер конкурс талабын орындап үлгеруі тиіс.
Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданының мектебі де Жаңа жылға қызу дайындалып жатыр. Олар сатып алу сайтында шыршаны әдемілеп әрлеу үшін бір емес бірнеше лот жариялаған. Бірақ, қыркүйектің соңғы күні аяқталған конкурста жеңімпаз жоқ. Енді сатып алу «бір көзден» өтеді, яғни, мектеп керек-жарағының бәрін бір кәсіпкерден ғана сатып алуға құқылы деген сөз. Жалпы, мектеп басшылығы шыршаның төбесіне ілетін бір жұлдызды 105 мың теңгеге, ал, «жылтырақтарды» 10-20 данадан сатып алуға дайын.
Қарағанды қаласында №2 арнайы мектеп-интернаты болса акт залына сахна орнату үшін 3 млн 200 мың теңге бөлген. Бұл конкурс та жуырда ғана аяқталды, жеңімпаз жергілікті жеке кәсіпкерліктің бірі.
Жалпы, бұл арқасында ақауы бар, яғни, жүріп-тұруы қиын, жұлыны бос балалардың денсаулығын түзетіп, оларға білім беретін мекеме. Директоры – Гүлнәр Қырғызбаева. Сатып алу қыркүйек айының ортасында өткен. Мемекеме жыл басынан бері 21 млн теңгеден астам салық төлеген.
ӘКІМДЕРДІҢ «ЭСТЕТИКАЛЫҚ» ТАЛҒАМЫ ҚАНДАЙ?
Балқаш қаласының әкімдігіне қарасты тұрғын-үй шаруашылық жөніндегі бөлім қаланы қысқа дайындап жатыр, «эстетикалық» әдемілігі жағынан. Сатып алу сайтындағы конкурс күні кеше, 5 қазан күні аяқталды. Өтінімдер қаралып жатыр. Әкімдіктің талабы көп, ең алдымен, жеңімпаз әкімдік бекіткен эскизбен ғана жұмыс істейді. Сонымен қатар, қаланы Жаңа жылға орай безендіру үшін қолданатын құралдары 30, 40, тіпті 50 градус аязға шыдамды болуы шарт. Жалпы, бір арка және үш жарық құралы үшін әкімдік 13 млн теңге төлеуге дайын.
Айтпақшы, Талдықорған қаласының әкімдігі де осыған ұқсас бірнеше конкурс өткізді. Тамызда басталған конкурс 28 қыркүйекте аяқталғанмен, жеңімпаз әзірге белгісіз, себебі, «өтінім толықтырылып жатыр». Жалпы, «қаланың орталық бөлігін жарықпен көркемдеп және диодты, флекснеонды безендіруін ағымды жөндеу» үшін Талдықорған әкімдігі 10 млн теңге бөлген.
Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданындағы шенеуніктер де қар түспей жатып, қаланы безендіруге кіріскен. Аудан әкімдігі бір «эстетикалық сұлулық» үшін бір ғана қызмет түріне 18 млн теңгеден астам қаражат бөліп отыр. Сатып алу тамызда өткен, конкурста «LED Impress Lighting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанды.
Бір сөзбен айтсақ, бүкіл әлем ертеңгі жағдай қандай болады деп, карантиннің екінші толқынына қамданып жатқанда, Қазақстанның әкімдері мен мектеп директорлары жаңа жылға қандай жарық ілеміз дегенге алаңдап отырған сыңайлы. Алаңдағаны соншалық, мемлекеттік сатып алулар сайтынан көріп отырғанымыздай, олар шырша мен гирляндтарды шілде-тамыздан бастап сатып алған.