Қаржы нарығын реттеу агенттігі наурыз айында несие тарихын реабилитациялау туралы қаулы қабылдаған болатын. Енді соған сәйкес, несие тарихын жақсартуға болады, – деп хабарлайды Аzatmedia.kz ақпараттық порталы Вaq.kz сайтына сілтеме жасап.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде 3 миллионнан астам адамның несиесі бар. Төтенше жағдай мен карантиндік шаралар несие алушылар санының артуына себеп болып отыр. Соңғы уақытта микроқаржы ұйымдарынан несие алып, төлей алмай қалып жатқандар көп. Наурыз айындағы көрсеткіштер бойынша өтелмеген несие сомасы 2,5 триллион теңгеден асып жығылған.
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің №19 қаулысына сәйкес, 30 наурыздан бастап төлем мерзімі 90 күннен артық кешіктірілген несиелерге «реабилитацияланды» деген мәртебе берілді. Жалпы несие тарихының бұзылуына 30-90 күннен артық төлем жасалмаған мерзім әсер етеді. Алайда мұндай «рақымшылыққа» ие болу үшін несие алушыға да тер төгу қажет.
Реабилитация, қазақша айтқанда, оңалтуға несиенің қай мерзімде алынғаны маңызды емес. Бастысы, төмендегі екі шартты орындау қажет. Несие тарихы орындаған күннен бір жылдан кейін қалпына келтіріледі.
Бірінші жағдайда, егер несие алушы жыл көлемінде пеняларын өтеп, несиесін толықтай жапса. Мысалы, егер несие алушы 1 қарашаға дейін делік, несиесін толықтай өтесе, келесі жылдың қарашасында оның несие тарихы «просрочка» туралы ақпараттан тазарады да, жаңа мәртебеге ие болады. Екінші жағдайда, егер қарыз алушы қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру күніне дейінгі берешек сомасының 50%-нан астамын өтесе және жыл көлемінде 30 күннен артық мерзімде кешіктіріп төлемесе несие тарихы оңалуға жатады.