Соңғы жаңалықтар

Әлемдегі ең биік 10 ғимарат

Azatmedia.kz ақпараттық порталы әлемдегі биік ғимараттардың тізімін жасады. Бүгінде туристерді әлемнің түкпір-түкпірінен тартатын биік нысандар қаламен қатар елдің де имиджінің қалыптасуына оң әсер тигізуде. Қазіргі уақытта құрылысы біткен ең биік 10 ғимараттың тізімі төмендегідей:

  1. Бурдж-Халифа (828 метр). Дубай

Ғимаратты 2010 жылы 4 қаңтарда Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашед Әл Мақтұм салтанатты түрде ашты. Биіктігі – 828 метр. Салтанатты рәсімді тікелей эфирден 2 миллиардтан астам телекөрермен тамашалаған. Бүкіл әлемге «Дубай мұнарасы» ретінде танылып келген нысан ресми ашылғаннан кейін Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның құрметіне «Бурж Халифа» деп аталатын болды.

Бурдж Халифаның ішінен гөрі сыртқы келбеті өте әсерлі. Ең жоғарғы бақылау бөлігі 452 метр биіктікте орналасқан. Ғимаратта жалпы саны 164 қабат (оның ішінде 1 жер асты) және секундына 10 метр жылдамдықпен жүретін 58 лифт бар (бұл әлемдегі ең жылдам лифттер). Сондай-ақ Бурдж Халифада 2957 тұрақ, 304 қонақ үй және 904 пәтер бар.

  • Шанхай мұнарасы (632 метр). Шанхай

Ғимарат Шанхай қаласының Пудунг ауданында орналасқан. Жалпы ауданы – 380 мың шаршы метрді құрайды. 2015 жылы құрылысы біткеннен кейін Қытайдағы ең биік ғимарат болды. Жыл сайын нысанды көруге 2,8 миллион турист келеді. Жалпы аталған нысанның құрылысына 2,4-4,5 миллиард доллар аралығында қаржы кеткен.

  • Абрадж Аль Бейт мұнарасы (601 метр). Мекке

Ғимараттар кешенінің құрылысы 2004 жылы басталып, 2012 жылы аяқталды. Ол əлемдегі ең ауыр əрі ең үлкен ғимараттар кешені болып есептеледі. Бұл ғимаратқа 100 000 адам сияды. Тікұшақ қонатын екі алаңы бар. Сонымен қатар, жердің астында 800 автокөлікке паркинг де соғылған. Ғимараттың ұшар басындағы ай бейнесінің салмағы 107 тонна, диаметрі 27 метр.

  • Пинань халықаралық қаржы орталығы (599,1 метр). Шэньчжень

Жоба құрылысы 2017 жылы аяқталды. 115 қабаттан тұрады. Бастапқы архитектуралық шешім бойынша, ғимарат биіктігі жөнінен Шанхай мұнарасын басып озып, Қытайдағы ең биік нысан болуы керек еді. Дегенмен 2015 жылы қайта жобалау кезінде ғимараттың шпилі алынып тасталды. Сондықтан 660 метр биіктік 600 метрге дейін қысқарып қалған. Жобаның құны – 1,5 миллиард доллар.

  • Лоттэ мұнарасы (555 метр). Сеул

Оңтүстік Корея астанасында орналасқан ғимараттың құрылысы 2005 жылы басталып, 2016 жылы аяқталған. Мұнда 58 лифт қызмет көрсетеді. Нысанның ауданы – 304 мың шаршы метр. 123 қабатты ғимараттың соңғы 3 қабатынан қаланы тамашалауға болады.

  • Дүниежүзілік сауда орталығы 1 (541 метр). Нью-Йорк

Дүниежүзілік сауда орталығының құрылысы 2013 жылы толық аяқталды. Оны «Бостандық мұнарасы» деп те атайды. Нысан бұрынғы Дүниежүзілік сауда орталығының орнында тұр. Бұл 104 қабатты мұнара – АҚШ-тағы ең биік ғимарат. Құрылыс құны 3,9 миллиард долларды құраған.

  • Гуанчжоу қаржы орталығы (530 метр). Гуанчжоу

Ғимарат құрылысы 2010 жылы басталып 2016 жылы аяқталған. 114 қабаттан тұрады. Ғимаратта 414 пәтер, 273 қонақ үй бөлмесі мен 1705 автокөлікке арналған тұрақ бар. 86 лифт жұмыс істеп тұр. Оның екеуінің жылдамдығы сағатына 70 шақырымнан асады. Бұл – әлемдегі ең жылдам лифт деген сөз.

  • Тяньцзинь қаржы орталығы (530 метр). Тяньцзинь

Жоба құрылысы 2013 жылы басталып, 2018 жылы аяқталды. Нысан аумағы – 252 мың шаршы метрді құрайды. 94 қабатты ғимаратта 81 лифт жұмыс істеп тұр.

  • Пекин мұнарасы (528 метр). Пекин

Ғимарат 108 қабаттан тұрады. Жоба құрылысы 2011 жылы басталып, 2018 жылы аяқталды. Нысан аумағы – 300 мың шаршы метрді құрайды. Жергілікті тұрғындар бұл ғимаратты «Чайна-Цзунь» деп атайды.

  1. Тайбэй 101 (508 метр). Тайбэй

101 қабаттан тұратын ғимараттың биіктігі 508 метрді құрайды. Нысанның төменгі қабаттарында сауда орталығы, жоғары бөлігінде кеңселер орналасқан. Нысан 2004-2008 жылдар аралығында әлемдегі ең биік ғимарат ретінде тіркелген. Жоба құны – 1,7 миллиард доллар.  

 

Қатысты жаңалықтар

Баланы үйде сүндетке отырғызуға бола ма?

azatmedia

Кредит алатындарға жағымды жаңалық – министр түсіндірді

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ІІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

azatmedia

Пікір қалдыру