Түлкібас шаруалары егін егіп, зор пайдаға кенеліп отыр, – деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы.
Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Жаскешу ауылындағы «Ерсары» шаруа қожалығы жалпы 5 гектар жерге бірінші өнім ретінде ерте көктемде 2 гектарына сарымсақ, 3 гектарына картоп егіп ағымдағы жылдың маусым айында жинап алған. Содан-соң 5 гектар жерді қайта өндеп 2 гектарына қияр, 3 гектарына ақжелкен егіп қазіргі таңда еңбегінің жемісін көруде. Атап айтар болсақ, бірінші егін сарымсақтан 20 тонна, ал картоптан 75 тонна өнім алып, сарымсақтың келісін 550 теңгеден, картоптың келісін 110 теңгеден Сайрам ауданы мен Түлкібас ауданының базарларына өткізіп, мол табысқа қол жеткізген.
Бүгінгі таңда екінші егілген қиярды егіс алқабынан 100-110 теңгеден, ал ақжелкеннің бір бумасын 100 теңгеден өткізуде. Шаруа қожалық төрағасы қияр көкөнісінен 30 тоннаға дейін өнім жинауды жоспарлауда. Сондай-ақ шаруа қожалық науқан кезінде 15 адамды уақытша жұмыспен қамтып отыр.
Жалпы аудан аумағында 155 шаруа қожалық көктем мезгілінде 266 гектар жерге бірінші өнімі ретінде көкөніс, бұршақ дақылдарын және картоп егіп, 610,2 тонна өнім алған болатын. Бүгінгі таңда сол жерлерге еккен екінші өнімдерін жинауда.