Шымкент қаласындағы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына “КАТКО» Қазақстан – француз бірлескен компаниясы 3 жасанды тыныс алу аппаратын тарту етті. Аталған компания атынан берілген бір аппараттың құны – 15 млн 250 мың теңге. Бұл медициналық аппараттар пневмония және коронавирус індетіне шалдыққан науқастарды емдеуде ең маңызды құралдардың бірі дейді мамандар.
«КАТКО-Демеу» корпоративтік қорының Бас директоры Тағабек Жанксиевтің айтуынша ИВЛ аппараттарын Оңтүстік Кореядан арнайы тапсырыспен алдырған.
– «Birgemiz» жобасын қолдау мақсатында осындай қайырымдылық шарасын ұйымдастырдық. Пандемия кезінде баршамыз жұмыла іс атқаруымыз қажет, – дейді кәсіпкер.
Аурухана бас дәрігері Бақтығали Ережепов ұжым атынан құрал-жабдықтарды медициналық мекемеге жеткізіп берген кәсіпкерге алғысын білдірді.
Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында пневмония және коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар ем алады. Бүгінде мұнда эпидемиялогиялық ахуалдың жақсаруына байланысты ауруханадағы төсек – орындардың 80 пайызы бос тұр.
Өз жақындарыңыз бен туыстарыңыздың өміріне қауіп төндірмей, барлық талаптарды сақтануға шақырамыз.