Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласындағы мектептерде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осыған сәйкес, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов №24 С.Ерубаев атындағы мектеп-лицейіне барып, 2020-2021 оқу жылына дайындық жұмыстарының барысын пысықтады. Оқу сыныптарын аралап, БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді.
Қалада жаңа оқу жылы 742 білім беру мекемелерімен 320 мыңға жуық білім алушылармен басталғалы отыр.
Қала әкімінің айтуынша, биыл 13 мектеп (6 жаңа, 7 қосымша) және 2 өнер мектебінің құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 5 100 орындық 8 мектептің (4 жаңа, 4 қосымша) және 300 орындық 2 өнер мектебінің құрылысы пайдалануға беріледі. Ал, 5 мектептің құрылысы (2 жаңа, 3 қосымша) 2021 жылы аяқталады.
Нәтижесінде, апатты мектептер саны 2-ден 1-ге, үш ауысымды мектептер саны 19-дан 14-ке азаяды.
«Биыл 1-сыныпқа 24 мыңнан астам бала келеді деп жоспарлануда. Білім мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстары толық аяқталды. Жеке қазандықпен жылытылатын 25 мекемеге 4 793 тонна қатты және 190 тонна сұйық отын тасымалдануда. Қазіргі таңда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, 15 мекемеге күрделі жөндеу жүргізілуде. 17 мектепке спорт алаңдары, 36 мектепке ішкі әжетханалар орнатылуда. Сондай-ақ, соңғы үлгідегі бейне бақылау камералары мен 30 мектепке турникеттер орнату үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр» – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылында сатып алынатын 11-сынып оқулықтары мен қалған сыныптар үшін қосымша оқулықтардың 60%-ы тасымалданды. Жұмыстар толығымен 25 тамызға дейін аяқталатын болады.