Azatmedia.kz. Бүгін Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев балық өсіру саласындағы проблемаларды тізіп шықты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оның сөзінше, басты кедергінің бірі – су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтары мен құрылыстарын салуға тыйым салынуы.
«Екіншіден, балық өсіру кезінде суды тұтыну үшін артық төлем алынады. Бұл жерде балық өсірушілер алынған судың барлық көлемі үшін төлейді, ал қайтарылатын судың көлемі ескерілмейді. Үшіншіден, жергілікті маңызы бар су айдындарының көп бөлігі бизнеске берілмеген (49%). Төртіншіден, тоғандар мен балық өсіру бассейндерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту қажет», – деді ол баяндамасында.
Сондықтан министрлік Салық, Су, Жер кодекстеріне, сондай-ақ басқа да заңдарға өзгерістер дайындап, тиісті заң жобасын әзірлеген. Түзетулер күзде Парламентте енгізілмек.
Мырзағалиев балық өсіруді дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз екенін де айтты.
«Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шаралары балық питомниктер мен көл-тауарлы балық өсіру шаруашылықтарына арналған жем, техника мен жабдықтарға бағытталған. Алайда, көбінесе әкімдіктер балық өсіруді субсидиялау үшін қаражатты қалдық қағидат бойынша ғана бөліп отыр, балық өсіруді басым бағыт деп санамайды», – деді ол.
2019 жылдың қорытындысы бойынша балық азығына төрт жүз жеті (407) млн теңге субсидия бөлінген.
Мырзағалиев егер барлық ұсыныстар қолдау тауып, субсидиялау көлемі артса, өсірілген балық көлемін 600 мың тоннаға дейін көбейтуге, экспорт көлемін он есеге ұлғайтуға, шамамен 500 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартуға болатынын болжаған.
Премьер-министр Асқар Мамин оның сөзін ескере отырып, әкімдерге балық шаруашылығын субсидиялауды кеңейтуге тапсырма берді.