Әлем жаңалықтары

Юрий Дракахруст: Беларусьте «Майдан» қазір болып жатыр

Беларусь саяси талдаушысы Юрий Дракахруст елде 10 тамызға қараған түні биліктің наразылықты басып-жаншуын «бүкілбеларустық қырғын» деп атайды. Наразылар Александр Лукашенконың президент сайлауында басым дауыспен жеңіске жеткенін жария еткен мемлекеттік экзитпол қорытындысымен келіспеген. Азаттыққа сұхбатында Дракахруст «Беларус «майданы» мақсатына жете ме?» деген сұраққа жауап іздеп, постсоветтік кеңістіктегі авторитарлық режимдердің бұрынғы сценарийлері қазір неге жұмыс істемейтінін түсіндіруге тырысты.

Наразылық акциясына шыққандарды билік күштеп таратқан түннен кейін Беларусь орталық сайлау комиссиясы Александр Лукашенконың дауыс берушілердің 80 пайыз қолдауына ие болып, президент сайлауында жеңіске жеткенін хабарлады. Сайлауда Лукашенконың басты қарсыласы болған, елдің оппозициялық күштері қолдаған Светлана Тихановская ресми дерек бойынша 10 пайыздан аз дауыс жинаған. Ол сайлау қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеді. Тихановская өзін жеңімпаз санайтынын айтып, жарияланған нәтижені «қолдан жасалған» деп атады.

10 тамызға қараған түні мемлекеттік экзитпол нәтижесінде Лукашенконың жеңіске жеткені белгілі болғаннан кейін бүкіл елде наразы азаматтар жаппай көшеге шықты. Полиция күштері оларға жас ағызатын газ шашып, өзге де арнайы құралдар қолданды. Мұның соңы наразылық акциясына шыққандардың ІІМ күштерімен қақтығысына ұласты. Ресми дерек бойынша, үш мыңға жуық адам ұсталып, 90 азамат жарақат алған. Минскідегі наразылық, арнаулы жасақпен қақтығыс 10 тамыз күні кешкісін қайта жалғасты. Билік наразылыққа қатысқан бір адамның қаза тапқанын растады.

Сайлау кезінде ТМД елдерінен келген бақылаушылар әдеттегідей «айтарлықтай заңбұзушылықтар» байқамаған.

Еуроодақ Беларусьтегі наразылық акциясына қатысушыларға қарсы «азаматтарға қолдануға болмайтын және олардан басым» күш көрсетілгенін сынап, билікті сайлауда берілген дауыстарды дұрыс санап, беларус халқының шынайы қалауын көрсететін қорытындыны жариялауға үндеді. Еурокомиссия басшысы Урсула фон лер Ляйен Еуропада бейбіт түрде наразылық білдіргендерді қудалауға орын жоғын жазды. Бірқатар Еуропа мемлекетінің билік өкілдері қатқыл мәлімдемелер жасады.

Бұл кезде Лукашенконы Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан мен Қытай сияқты авторитарлық билік жүйесі орнаған елдердің басшыларынан құттықтап жатты.

Беларусьте осымен алтыншы рет президент сайлауына түскен Лукашенкоға қарсы жаппай наразылық билік бірнеше танымал саяси тұлғаны сайлауға қатыстырмай қойғаннан кейін басталып, сайлауалды науқан аяқталғанша жалғасты. Сайлауға қатысуға ықылас білдірген кандидаттардың бірі тұтқындалып, басқалары елден кетті. Беларусьтің саяси шолушысы Юрий Дракахруст Азаттыққа берген сұхбатында кейінгі апталарда болған оқиғалардың Беларусь пен басқа да постсоветтік мемлекеттер үшін қандай маңызы барын саралап көрді.

Қатысты жаңалықтар

Роналду «Ювентустан» кете ме?

azatmedia

Лукашенко: Беларусь пен Украинаны біріктіріп, екі елді басқарғым келеді

azatmedia

90-жылдары Германияға көшкен неміс әжейдің қазақша батасы жұртты сүйсіндірді (видео)

azatmedia

Пікір қалдыру