Соңғы жаңалықтар

Таза суы тапшы, ғаламторға мұқтаж…

Сарыағаш ауданының Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Достық елді мекенінің тұрғындары таза су мен ғаламторға, электр жарығына мұқтаж,- деп хабарлайды AZATMEDIA.KZ


Тоған суын ауыз су ретінде жаратып, ғаламтордың жеткіліксіздігі себебінен оқушыларды онлайн оқытудан қашық жатқан, сонымен қоса, электр энергиясына да жарымай, тіпті, жаназасы оқылған мәйітті қоярға жер сұрап сандалған елді мекенді іздеген болсаңыз, онда ойланбастан Сарыағаш ауданының Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Достық елді мекеніне келіңіз!..

Өткен ғасырлардың елесіндей болып, таршылықта қалып қойған аталмыш елді мекеннің тұрғындары бүгінгі өркениеттің талғамына аса зәру болып отыр. Яғни, аталмыш елді мекеннің 2 мыңға таяу тұрғыны істен шыққан су құбырларының салдарынан бірнеше жылдан бері лас тоғаннан су тасып, өлместің қамын жасап келеді. Балалардың күн ұзағына шомылып, ыстық күндегі жан шақырар саялы жері де осы лайсаң су.

Түйткілді мәселелердің барлығын ысырып қойған ауыл ақсақалдары ең алдымен, аудан басшылығынан сапалы ауыз суын жеткізіп беруді сұрайды. «Ол үшін, миллиардтап қаржы шығындаудың, уақыт оздырудың қажеті де жоқ. Бұрынғысынша, істен шығып тұрған құбырға қайта су келтірсе», – дейді олар.


Бұл жөнінде аудан әкімдігі бізге ресми жауап бере отырып, сәулет-жоспарлау тапсырмасына қажетті құжаттардың жинақталып жатқанын, соған сәйкес, бюджеттік өтінім ұсынылатынын жеткізді. Ал, ғаламтордың жетіспеушілігі аталған елді мекеннің шалғай орналасуымен байланыстырылды. Яғни, Достық елді мекені Өзбекстан Республикасымен шектесетін шекаралық аймақ болғандықтан, ұялы байланыс операторларының байланысы нашар. Ал, елді мекендегі мазарат екі ел арасындағы бейтарап аймақта қалып қойған.

Ресми әкімдіктің мәліметі бойынша, мазарат орнының қай маңда белгіленетіні әзірге шешімін тапқан жоқ. Сонымен қатар, сала мамандары тұрғын үйлерді сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде екенін айтады.

Қатысты жаңалықтар

2 805 АДАМ ТҮРЛІ МЕКЕМЕЛЕР МЕН КӘСІПОРЫНДАРҒА ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСҚА ЖОЛДАНДЫ

azatmedia

Леңгірде Әл-Фарабидің алып суреті пайда болды

azatmedia

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫНДА БІРҚАТАР НЫСАНДАРҒА БАСПАСӨЗ-ТУРЫ ӨТТІ

azatmedia

Пікір қалдыру