Түркістан облысында кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің әр аудан-қаласынан келген 150-ге жуық азаматпен жеке кездесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Бірнеше сағатқа созылған қабылдау барысында көтерілген әрбір мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен нақты шешу жолдары айқындалды.
Қоғамдық қабылдауға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, тұрғындардың сауалдарына заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бірқатар мәселе сол сәтте шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер орындау мерзімі белгіленіп, жауапты тұлғалардың бақылауына берілді.
Ашық диалог алаңына айналған қабылдауда тұрғындар негізінен жеке мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, тұрғын үй, жер қатынастары, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, инженерлік инфрақұрылым және құқықтық мәселелерін жеткізд. Әкім әрбір өтініштің заң талаптары мен азаматтардың құқықтары негізінде қаралатынын айтып, мемлекеттік органдардың жұмысы ең алдымен нақты нәтижеге бағытталуы керектігін атап өтті.
Жер мәселесіне қатысты пікір білдірген облыс басшысы инженерлік инфрақұрылымы дайын емес жер телімдерін беру заңнамаға қайшы екенін жеткізді. Сонымен бірге жер кезегінде тұрған азаматтардың құқықтары толық сақталатынын, кезектілік тәртібінен ешқандай ауытқуға жол берілмейтінін айтты.
Қабылдау барысында тұрғын үй мәселесі де кеңінен қозғалды. Нұралхан Көшеров бүгінде Түркістан облысы тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша республикадағы алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі екенін атап өтті. Жыл сайын өңірде шамамен 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.
Кездесуде тұрғындар ауылдық округ әкімдерінің жұмысына қатысты ұсыныстары мен сын-пікірлерін де жеткізді. Өңір басшысы әрбір көтерілген мәселе жан-жақты сараланып, жауапты мемлекеттік органдар тарапынан заң аясында тиісті шешім қабылданатынын айтты.
Қабылдауды қорытындылаған облыс әкімі мемлекеттік қызметтің басты өлшемі – халықтың сенімі екенін атап өтті.
Әрбір ұсыныс жауапты сала басшыларының қатысуымен қаралып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті түсіндірулер берілді. Өңір басшысы тұрғындарды толғандырған мәселелердің түпкі себептерін анықтап, оларды жүйелі түрде шешудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық қабылдау тек жекелеген өтініштерді қараумен шектелмейді. Мұндай кездесулер тұрғындардың талап-тілегін саралап, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға, өзекті мәселелерді алдын ала анықтап, нақты басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
