Соңғы жаңалықтар

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ОБЛЫСТЫҚ «ЯСАУИ ӘЛЕМІ» КВЕСТ САЙЫСЫНДА ЕКІНШІ ОРЫН ИЕЛЕНДІ

Бүгінде білімге ұмтылу мәдениетін қалыптастыру, жастардың танымдық ізденісін қолдау және тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру – қоғам дамуының маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта ұйымдастырылатын зияткерлік және танымдық іс-шаралар өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, олардың азаматтық жауапкершілігі мен ұлттық құндылықтарға деген құрметін нығайтуға ықпал етеді.

Азаматтардың жасампаздық бастамаларын қолдау, прогресті көздейтін идеяларды дәріптеу және белсенді жастардың әлеуетін дамыту – елдің тұрақты дамуының негізгі алғышарттарының бірі. Осындай мазмұнды жобалар жастардың білімін шыңдап қана қоймай, шығармашылық ойлауын, көшбасшылық қабілетін және қоғамдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Осы бағыттағы жұмыстардың бірі ретінде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында жастар арасында тарихи-мәдени мұраны насихаттау, туған өлкенің тарихына қызығушылықты арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында облыстық «Ясауи әлемі» квест сайысы ұйымдастырылды.

Сайысқа 14-35 жас аралығындағы жастардан құралған командалар қатысып, Түркістан қаласының тарихи орындарында орналасқан арнайы бекеттерде түрлі танымдық тапсырмаларды орындады. Қатысушылар өңір тарихы мен мәдениетіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, логикалық ойлау, шапшаңдық және командалық жұмыс дағдыларын көрсетті.

Квест сайысы төрт кезең бойынша ұйымдастырылды. І кезең Түркістан қаласындағы «Farab» кітапханасында, ІІ кезең «Алтын Самұрық» алаңында, ІІІ кезең «Керуен Сарай» туристік кешенінде, ал IV кезең Түркістан облыстық драма театрында өтті. Әр кезеңде қатысушылардың тарихи-танымдық білімі, логикалық ойлау қабілеті, тапқырлығы және уақытты тиімді пайдалану дағдылары сыналды.

Іс-шара жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, туған өлкенің мәдени мұрасына деген қызығушылығын арттыруға және ұлттық рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталды.

Сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар дипломдармен, сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жеңімпаздар: І орын – Ордабасы ауданы, ІІ орын – Қазығұрт ауданы, ІІІ орын – Бәйдібек ауданы. Ынталандыру сыйлықтарымен Арыс қаласы, Сарыағаш және Сауран аудандары марапатталды.

Қазығұрт ауданы жастарының бұл жетістігі олардың білімге құштарлығы мен туған өлкенің тарихына деген ерекше қызығушылығының жарқын көрінісі болды. Команда мүшелері әр кезеңде ұйымшылдық пен белсенділік танытып, өзара үйлесімді әрекет етудің нәтижесінде жүлделі екінші орынды иеленді.

Мұндай танымдық квест сайыстары жастардың тарихи-мәдени мұра туралы білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың зерттеушілік қабілетін, сыни ойлауын және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қатысушылар арасында достық қарым-қатынас пен тәжірибе алмасуға да оң ықпал етеді.

Жастардың тарихи орындармен жақынырақ танысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шаралар өскелең ұрпақтың отансүйгіштік рухын нығайтуда маңызды рөл атқарады. Осындай бастамалар арқылы жастардың ел тарихына деген құрметі артып, мәдени мұраны сақтауға деген жауапкершілігі қалыптасады. Алдағы уақытта да Қазығұрт ауданының жастары түрлі облыстық және республикалық байқауларда белсенділік танытып, жаңа белестерді бағындырады деген сенім мол. Жеңімпаз команданы жүлделі орындарымен құттықтап, алдағы білім мен қоғамдық қызметтеріне толағай табыс тілейміз.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДАҒЫ ЕКІ ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

azatmedia

Тершеңдік өлімге әкелуі мүмкін

azatmedia

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЖЫЛЫНА 50 МЫҢ ТОННАҒА ЖУЫҚ ҚҰС ЕТІН ӨНДІРЕТІН ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

azatmedia