Сарыағаш ауданында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрді насихаттау және жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында «Ауылдағы бір күнім» атты сайыс өтті. Іс-шараның салтанатты ашылуында Сарыағаш ауданындағы Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрғали Отаров құттықтау сөз сөйлеп, жарыстың мән-маңызына тоқталды. Сондай-ақ, ол барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, сайыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуіне ниет білдірді.
Сайыс барысында қатысушылар ереже талаптарына сәйкес ләңгі тебу, садақ ату, арқан тартыс, таба нан жабу, күбі пісу және құрт жасау сияқты ұлттық ойындар мен тұрмыстық дәстүрлер бойынша өзара бақ сынасты. Бұл сайыстар ауыл өмірінің ерекшеліктерін дәріптеуге және ұлттық мәдени мұраны насихаттауға бағытталған. Қазылар алқасының шешімімен Келес ауданының жастары жеңімпаз атанса, сарыағаштық «Бірлік» командасы екінші орынға жайғасты. Үздік үштікті «Бүркіт» командасы қорытындылады. Жеңімпаз командалар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Ауылдағы бір күнім» сайысы жастар арасында ұлттық дәстүрлерге деген қызығушылықты арттырып, атадан балаға жалғасқан құндылықтарды жаңғыртуға мүмкіндік берді. Шара барысында қатысушылар тек жарысып қана қоймай, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, қолөнері мен ұлттық ойындарының ерекшеліктерін танытуға үлес қосты.
Ұлттық ойындар мен дәстүрлі өнер түрлерін қамтыған бұл бастама жастардың бойында ұйымшылдық, ептілік, шапшаңдық және ел мұрасына деген құрмет қасиеттерін қалыптастыруға бағытталды. Әсіресе, ауыл мәдениетін насихаттау арқылы өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбиенің маңызын түсіндіруге ерекше мән берілді.
Сайысқа қатысқан командалар өздерінің белсенділігі мен шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, ауыл өмірінің ажырамас бөлігі саналатын дәстүрлерді жаңаша форматта ұсынды. Мұндай мәдени-спорттық шаралар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта да ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, жастардың талантын шыңдайтын және өңір жастарын біріктіретін осындай жобалар жалғасын табады. Бұл бастамалар халқымыздың рухани мұрасын сақтап, оны кейінгі буынға жеткізудің маңызды тетігі болып табылады.
