Елімізде санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысын цифрландыру мақсатында «Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау» ақпараттық жүйесі (e-SEN) енгізілді. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облысы санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов мәлімдеді
«Бұл жүйе санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауға, басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға, бірыңғай деректерді қалыптастыруға және мониторинг жүргізу барысында еңбек шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен кәсіпкерлік нысандарын бірыңғай цифрлық платформада біріктіреді. Кәсіпкерлер үшін жеке кабинет қарастырылып, өзін-өзі бақылау құралдарын пайдалану, барлық хабарламалар, актілер мен нұсқамаларды электронды түрде алу мүмкіндігі жасалған. Сондай-ақ, тәуекелдерді бағалау негізінде автоматты түрде қалыптасып, бақылау жұмыстарының ашықтығы қамтамасыз етіледі. Бүгінде жүйеде облыс бойынша 15 654 бақылаудағы нысан мен 7 922 кәсіпкерлік нысан қамтылған бірыңғай реестр қалыптастырылған. Ақпараттық жүйе арқылы нысандарға бармай-ақ профилактикалық бақылау жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша кәсіпкерлерге ұсынымдар жолданады. Талдау нәтижесінде құқық бұзушылықтарды жою мақсатында 122 ұсыным берілген. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандары өндірістік бақылау жөніндегі есептерін осы жүйе арқылы тапсырады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жүйеге өндірістік бақылау бойынша 122 есеп жүктелген» – деді спикер.
«e-SEN» ақпараттық жүйесінің енгізілуі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға және мемлекеттік бақылау үдерістерін заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік беріп отыр. Цифрлық шешімдер арқылы мамандар қажетті ақпаратты жедел алып, санитариялық жағдайға талдау жүргізу және ықтимал тәуекелдердің алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдай алады.
Жүйенің басты артықшылықтарының бірі – бақылау шараларының ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру. Кәсіпкерлер үшін электронды форматтағы қызметтердің енгізілуі құжат айналымын жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге жағдай жасайды. Сонымен қатар, нысандардағы санитариялық талаптардың сақталуын тұрақты бақылауға мүмкіндік беріп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың сапасын арттырады.
Цифрландыру арқылы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы жүйеленіп, деректерді жинау, өңдеу және талдау процестері оңтайландырылуда. Бұл өз кезегінде жұқпалы аурулардың алдын алу, санитариялық жағдайды бағалау және тұрғындарға қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы шараларды тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді.
Алдағы уақытта ақпараттық жүйенің мүмкіндіктерін кеңейту және оны жетілдіру арқылы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы қызметтердің сапасын одан әрі арттыру жоспарлануда. Мұндай бастамалар мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшуін жеделдетіп, азаматтар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
