Соңғы жаңалықтар

АРЫСТА ТАҒЫ БІР АУЫЛ «АРАҚСЫЗ АУЫЛ» АКЦИЯСЫН ҚОЛДАДЫ

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Айқын нәтиже» пилоттық жобасы аясында Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінің Шөгірлі елді мекенінде «Арыс – арақсыз ауыл» акциясы бастау алды.

Қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруды, құқық бұзушылықтардың алдын алуды және жас ұрпақты зиянды әдеттерден қорғауды мақсат еткен бастама ауыл тұрғындары тарапынан кең қолдау тапты. Елді мекеннің ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, белсенді азаматтары мен кәсіпкерлері бірлесе отырып, алкоголь өнімдерін сатудан ерікті түрде бас тарту жөнінде ортақ шешім қабылдады.

Бүгінде 800-ден астам тұрғыны бар Шөгірлі елді мекенінде кәсіпкерлік нысандары алкоголь өнімдерін саудаламайтын болады. Бұл – тұрғындардың қоғамдық келісім мен ұлт саулығын бәрінен жоғары қоятынын көрсететін маңызды қадам.

Ауыл ақсақалдарының айтуынша, мұндай игі бастама жастарды тәрбиелеуге, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және қоғамдағы тәртіп пен тыныштықты сақтауға оң ықпал етеді. Өз кезегінде тұрғындар да бұл шешімді қолдап, елді мекеннің дамуы мен берекесін арттыруға бағытталған бастамалардың қатарын толықтырды.

Айта кетейік, бұған дейін Арыс қаласына қарасты Дермене ауылының тұрғындары да алкоголь өнімдерін сатудан бас тартып, «арақсыз ауыл» мәртебесіне ие болған еді. Енді Шөгірлі елді мекені де осы игі үрдісті жалғастырып, өзгелерге үлгі боларлық бастама көтеріп отыр.

Жергілікті тұрғындардың пікірінше, мұндай ортақ шешім ауылдағы қоғамдық жауапкершілікті арттырып, өзара сыйластық пен бірлікті нығайтуға ықпал етеді. Әсіресе, жас буынға өнегелі орта қалыптастырып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасалады.

Сонымен қатар, ауылда құқық қорғау органдары, жергілікті әкімдік және қоғам белсенділерінің өзара ынтымақтастығы алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары мен профилактикалық іс-шаралар тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Осындай игі бастамалардың нәтижесінде ауыл тұрғындары арасында қоғамдық тәртіпті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және зиянды әдеттердің алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жалғасады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде елді мекеннің әлеуметтік ахуалын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға оң әсерін тигізеді. «Арыс – арақсыз ауыл» акциясының ауқымы кеңейген сайын мұндай тәжірибенің өзге де елді мекендерге үлгі болып, қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған оң бастамалардың көбеюіне серпін беретініне сенім мол.

Қатысты жаңалықтар

В ШЫМКЕНТЕ НА ВРЕМЕННЫЕ ОБЩЕСТВЕННЫЕ РАБОТЫ НАПРАВЛЕНО ОКОЛО 3000 ТЫСЯЧ ЧЕЛОВЕК

azatmedia

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА 6 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛЫП, ЖАҢА ӨНДІРІС АЙМАҒЫ ҚҰРЫЛАДЫ

azatmedia

Кентауда былық: мәселенің мән-жайы белгілі болды

azatmedia