Түлкібас ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқын алды. Бүгінде аудан аумағында 64 мың гектар алқапқа түрлі дақылдар мен мал азығын егілген. Соның ішінде, 50 мың гектардан астам жерге көктемгі егіс егілсе, 14 мың гектардан астам алқапқа күздік бидай себілген. Жалпы, 15 680 гектарға – бидай, 6 800 гектарға – арпа, 11 000 – гектарға майлы дақылдар, 28 500 гектарға – мал азықтық дақылдар егілген. Сонымен қатар, 1 200 гектарға – картоп, 1 500 гектарға – көкөніс егілген.
Бұл көрсеткіштер аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында кеңінен талқыланды. Жиында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуат Еркебаев «Ауыл-Аманаты» бағдарламасының жүзеге асу барысын баяндап, саладағы маңызды мәселелерге тоқталды. Бағдарлама аясында жоспарланған 10 жобаның бүгінде 3-еуі жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тынысын ашуда. Ал алдағы уақытта тағы 4 жоба қаржыландырылып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылмақ.
Сонымен бірге, аудан шаруаларына көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстары кезінде заманауи техникамен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше назарда тұр. Мемлекеттік қолдау аясында тракторлар мен егіс кешендерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп, бұл еңбек өнімділігін арттыруға және уақыт үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру бағытында су үнемдеу технологияларын енгізу де кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін кеңінен қолдану арқылы өнім көлемін ұлғайтуға және жер ресурстарын тиімді пайдалануға жағдай жасалуда.
