Ақпарат

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СОЛТҮСТІК ӨҢІРЛЕРГЕ ОҚУҒА ШАҚЫРУ ТУРЫ ӨТІП ЖАТЫР

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде 31 наурыз-23 сәуір аралағында «SERPIN WAY 2.0» жобасын таныстыру мақсатында арнайы тур өтіп жатыр. Петропавл қаласынан басталған арнайы топ құрамында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің өкілдері мен Мансап орталығының мамандары бар. Олар жобаның артықшылықтарын түсіндірумен қатар, аталған оқу орнына талапкерлерді шақыру жұмыстарымен айналысуда. Бұл жайында университеттің маркетинг бөлімінің басшысы Олжас Мұхтар брифнгте мәлімдеді

«Қозыбаев университеті — Қазақстанның солтүстік өңіріндегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет заманауи білім беру бағдарламаларымен, халықаралық серіктестіктерімен және студенттерге қолайлы инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Бүгінде университетте Аризона университетімен бірлескен қос диплом бағдарламалары жүзеге асырылып, студенттерге халықаралық деңгейде білім алуға мүмкіндік берілуде. Сонымен қатар, университет білім сапасына, тәжірибеге бағытталған оқытуға және түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуына ерекше назар аударады» – деді Олжас Маратұлы.

Жоба аясында 23 күн ішінде қатысушылар еліміздің 7 өңірін аралайды. Атап айтқанда, Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарында кездесулер өтеді. Олар мектеп оқушыларымен, олардың ата-аналарымен және жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен сұхбаттасады. Өткен жылы Қозыбаев университетіне оңтүстік өңірлерден 130-ға жуық студент қабылданса, биыл 14 қала мен 16 ауылдық елді мекенді қамтымақ.

Сонымен қатар, брифингте «Тәуекел» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов елдегі көші-қон бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, өңір тұрғындарын солтүстік өңірге қоныс аударуға шақырды.

«2026 жылдан бастап көші-қон саясаты жаңа кезеңге өтуде. Бағдарлама еңбек нарығының нақты сұранысына негізделіп, әр өңір бойынша кадр қажеттілігі есепке алынады. Сонымен қатар, көші-қон процестерін цифрландыру және ашықтықты арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Солтүстік Қазақстан өңірлері — жаңа мүмкіндіктер аймағы. Онда бос жұмыс орындары көп, тұрғын үй қолжетімді және мемлекеттік қолдау жоғары деңгейде»- деді спикер.

Бұл бастама әсіресе мектеп түлектері үшін кәсіби бағдар таңдауда маңызды мүмкіндік болып отыр. Оңтүстік өңірлерде жоғары білімге сұраныстың артуы жағдайында, солтүстік аймақтардағы университеттер ұсынатын гранттар мен әлеуметтік қолдаулар жастардың шешім қабылдауына әсер етуде. Мұндай кездесулер арқылы талапкерлер оқу бағыттарын тек теориялық емес, нақты тәжірибелік тұрғыдан бағалауға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар, бағдарлама аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ата-аналармен диалог орнатуға да бағытталған. Көп жағдайда жастардың білім траекториясына отбасының пікірі шешуші рөл атқарады, сондықтан мамандар ата-аналарға солтүстік өңірлердегі қауіпсіздік, әлеуметтік жағдай және еңбек перспективалары туралы жан-жақты мәлімет беруде. Бұл өз кезегінде көші-қонға деген сенімділікті арттырады.

Жоба тек білім беру саласын ғана емес, еңбек нарығындағы теңгерімді қамтамасыз етуге де ықпал етуді көздейді. Солтүстік өңірлерде кадр тапшылығы бар салаларға оңтүстіктен мамандар тарту арқылы аймақтық дамудағы алшақтықты азайтуға мүмкіндік туады. Осылайша, білім беру мен жұмыспен қамту арасындағы байланыс күшейіп, жас мамандардың тұрақты жұмыс табуына жағдай жасалады. Алдағы кезеңде мұндай кездесулердің географиясы кеңейіп, цифрлық форматтағы консультациялар да енгізілуі жоспарланып отыр. Бұл талапкерлерге өз аймағынан шықпай-ақ толық ақпарат алып, оқу орнымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, қабылдау процесі ашық әрі қолжетімді бола түседі.

Қатысты жаңалықтар

«ТАУ САМАЛЫНДА» РЕСПУБЛИКА ЖАСТАРЫНЫҢ САЯСИ ЛАГЕРІ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАНДА ЖЫЛЫНА 10 МЛН МЕТР ДЖИНСЫ МАТАСЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ КАПСУЛАСЫ САЛЫНДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИСТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҚСАРЫП, ӨҢІРГЕ САЯХАТТАҒАН ШЕТЕЛДІКТЕР САНЫ АРТТЫ

azatmedia