Ақпарат

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАС САРБАЗДАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІНЕ АТТАНДЫ

Түркістан облысында ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды шығарып салу рәсімі өтті. Көктемгі шақыру науқаны аясында Мемлекеттік күзет қызметіне облыстың әр аудан, қалаларынан шақырылған 35 жас сарбаз Астана және Алматы қалаларына өз борыштарын өткеру үшін аттанды.

Іс-шарада «Қарулы күштерінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бабай Алдабергенов Отан алдындағы борышты орындау – әрбір ер азамат үшін үлкен мәртебе екенін атап өтіп, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.

ҚР Мемлекеттік күзет қызметі қатарында мерзімді қызмет сарбаздары ҚР Президентінің және басқа да күзетілетін азаматтардың қауіпсіздігін қорғау, рәсімдік және протоколдық іс-шараларға қатысу, ҚР Мемлекеттік Туы мен ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы эталондарын күзету секілді айрықша міндеттерді атқарады.

ҚР МКҚ әскери бөлімдерінде мерзімді қызмет атқару барысында жас сарбаздар тәжірибелі нұсқаушылық құрамның жетекшілігімен әскери іске үйреніп, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді. Сарбаздардың әрі қарай кадрлық тұрғыдан өсуге мүмкіндігі бар. Мерзімді қызмет аяқталған соң олар өз қалауы бойынша келісімшартпен әскери қызметті жалғастыра алады. Арнаулы мемлекеттік органның қызметкері және офицері қызметінде күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді атқара алады.

Сонымен қатар, Мемлекеттік күзет қызметіне іріктеу үдерісі жоғары талаптармен жүргізілетіні белгілі. Жас сарбаздардың физикалық дайындығы, моральдық-психологиялық тұрақтылығы және тәртіпке бейімділігі жан-жақты сараланып, үздіктері ғана қабылданады. Бұл олардың алдағы жауапты қызметті абыроймен атқаруына негіз қалайды.

Әскери қызмет барысында сарбаздар тек кәсіби машықтарды меңгеріп қана қоймай, патриоттық рухын нығайтып, елге деген жауапкершілігін терең сезінеді. Қатаң тәртіп пен жүйелі дайындық олардың тұлғалық қалыптасуына оң әсер етіп, болашақта түрлі салада табысты еңбек етуіне жол ашады.

Сонымен бірге, мұндай салтанатты шығарып салу рәсімдері жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Жас буынға үлгі боларлық бұл шаралар қоғамда әскери қызметтің беделін арттырып, ел қорғау ісіне деген құрметті күшейтеді. Жалпы, Түркістан облысынан аттанған жас сарбаздар ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өз үлестерін қосып, абыройлы қызмет атқарады деген сенім мол.

Қатысты жаңалықтар

ТАРИХҚА ҚҰРМЕТ – ТАЗАЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

azatmedia

САЙРАМ АУДАНЫНДА ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫСТАРҒА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

azatmedia

ТҮРКІСТАНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЖАЙДАРМАН» ОЙЫНДАРЫНА 28 КОМАНДА ҚАТЫСТЫ

azatmedia