Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА «БАНК ЦЕНТР КРЕДИТ» АҚ-НЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек «Банк Центр Кредит» АҚ-ның вице-президенті және Басқарма мүшесі Нұрлан Шегебаев және «Банк Центр Кредит» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Нұрсұлу Егембердиевамен кездесті.

Кездесу барысында қаржы саласындағы ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Тараптар шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ халыққа қолжетімді қаржылық қызметтер ұсыну бағытында өзара тиімді әріптестік орнатудың маңыздылығын атап өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірде қаржы институттарының үлесін арттыру экономиканың тұрақты дамуына оң әсер ететінін жеткізді.

– Түркістан облысында 2 миллионнан астам адам бар. Өңірде өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың саны да көп. Әрбір кәсіпкердің дамуы біз үшін басты басымдық. Себебі шағын және орта бизнес – өңір экономикасының қозғаушы күші. Осы ретте, қаржы ұйымдарының белсенділігі де аса маңызды. Сондықтан біз кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға әрдайым дайынбыз. Сіздермен әріптестікті дамыту арқылы өңірдегі кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік туады деп сенеміз, – деді Қанат Қайыпбек.

«Банк Центр Кредит» АҚ-ның вице-президенті банк жетістіктеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Түркістанда «Банк Центр Кредит» АҚ Түркістан облыстық филиалының ашылғанын айтып, жаңадан тағайындалған өңірлік филиал директорын таныстырды. Алдағы уақытта жаңа ғимарат салу жоспарда бар екенін жеткізіп, нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында жұмыстарды жалғастыруға келісті.

Сонымен қатар, жаңа филиалдың ашылуы өңір тұрғындары үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін айтарлықтай арттырады. Енді кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар банктік өнімдерге жедел қол жеткізіп, өз жобаларын тиімді қаржыландыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері үшін маңызды қолдау тетігіне айналмақ.

Банк өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта цифрлық қызметтерді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қашықтан қызмет көрсету арналары кеңейтіліп, клиенттерге ыңғайлы заманауи шешімдер ұсынылады. Бұл өз кезегінде уақытты үнемдеуге және қаржылық операцияларды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, қаржы институттары мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимыл өңірдегі инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға жол ашады. Бірлескен бастамалар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және экономиканы әртараптандыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізу көзделіп отыр. Жалпы, «Банк Центр Кредит» АҚ-ның облыстық филиалының ашылуы Түркістан өңіріндегі қаржы секторын дамытуға серпін беріп, бизнес пен халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

Қатысты жаңалықтар

ФРАКЦИЯНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫНДА БҮГІНГІ КҮННІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

azatmedia

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ТҰРАҚТЫ НАЗАРДА

azatmedia

В Шымкенте члены АНК поддержали 532 школьника в рамках акции «Дорога в школу»

azatmedia