Мақтаарал ауданына қарасты Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің Мырзатөбе ауылында «Мақсат-Жанат» бөбекжай балабақшасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Ел игілігіне ұсынылған әлеуметтік нысан ауыл тұрғындары үшін маңызды әрі көптен күткен қуанышты оқиға болды.
Салтанатты ашылу рәсіміне ауылдық округ әкімі Нұрмаханбет Сұлтанов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Жиын барысында құрметті қонақтар нысанның лентасын қиып, жаңа балабақшаның ішін аралап көрді. Заманауи талаптарға сай салынған ғимаратта балалардың сапалы тәрбие мен білім алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда оқу кабинеттері, ойын бөлмелері және басқа да қажетті инфрақұрылым толық қамтылған.
Жалпы «Мақсат-Жанат» бөбекжай балабақшасы 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мұнда 70 бала тәрбиеленуде. Жаңа ғимараттың құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылдың соңында толық аяқталған. Нысан орналасқан жердің жалпы аумағы 25 сотықты құраса, ғимараттың өзі 700 шаршы метрден асады.
Салтанатты жиында ауыл тұрғындары балабақша ғимаратын тұрғызған кәсіпкер Аллаберген Сәрсенбаевқа ерекше алғыстарын білдіріп, жаңа нысанда жасалған қолайлы жағдайларға ризашылықтарын жеткізді.
Іс-шара аясында ұлттық дәстүрге сай ауыл тұрғындарына ас беріліп, құран бағышталды. Сонымен қатар балабақша тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Наурыз – төл мерекеміз» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Мерекелік кеш барысында балалар өнер көрсетіп, ұлттық салт-дәстүрлер дәріптелді.
Жиын соңында аудандық білім бөлімінің өкілдерінің қазылығымен «Ана – ән, бала оның қайырмасы» атты байқау өткізілді. Байқау жас ұрпақтың өнерін шыңдап, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Айта кетейік, жаңа балабақшаның ашылуы – өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл нысан ауыл балаларына сапалы тәрбие мен білім беруге кең мүмкіндік ашып, олардың жарқын болашағына берік негіз қалайды.
Сонымен қатар, жаңа балабақшаның іске қосылуы ауылдағы мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ата-аналардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап, балалардың ерте жастан сапалы тәрбиемен қамтылуын қамтамасыз етеді. Мұндай әлеуметтік нысандар ауыл инфрақұрылымының дамуына да тікелей әсер етеді.
Мамандардың айтуынша, заманауи талаптарға сай жабдықталған білім беру мекемелері балалардың жан-жақты дамуына оң ықпал етеді. Ойын арқылы оқыту, шығармашылық қабілеттерді дамыту және қауіпсіз орта қалыптастыру – балабақша қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Бұл болашақ ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға жол ашады.
Сонымен бірге, ауыл тұрғындары жаңа нысанның ашылуын өңірдегі әлеуметтік саясаттың нәтижесі ретінде бағалап отыр. Халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған мұндай жобалар ауылдық жерлерде тұрақты даму үрдісін қалыптастырады. Бұл өз кезегінде елді мекендердің тартымдылығын арттырады. Жалпы, Мақтаарал ауданында ашылған жаңа балабақша білім беру саласын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Алдағы уақытта да осындай әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы өңірдегі балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына кең мүмкіндік береді.
