Түркістан облысы Ордабасы ауданында қазақ халқының даңқты перзенті, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Мерекелік іс-шара аудан орталығы Темірлан елді мекеніндегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешенінде ұйымдастырылды. «Қажымұқан – даланың дара батыры» атты салтанатты іс-шара аясында тағылымды басқосу ұйымдастырылып, оған зиялы қауым өкілдері, спорт ардагерлері, еліміздің әр өңірінен келген Қажымұқан бабамыздың ұрпақтары және қонақтар қатысты.
Жиын барысында аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, даңқты балуанның қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі жұрты үшін мақтаныш екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар мәслихат депутаты Бақдәулет Жұмабеков, Қажымұқанның немересі Нұрлан Қажымұқан және спорт саласының ардагері Қуат Байқожаев та сөз алып, баба рухына тағзым етті.
Салтанатты шара аясында мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, театрландырылған қойылымдар сахналанды. Сонымен бірге Қажымұқан рухына арналған ерекше күш көрсетілімдері – тас сындыру, темір майыстыру секілді рекордтық шоулар көрерменге ұсынылды.
Мерейтой аясында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Ауқымды спорттық шараға аудан тұрғындары, спорт жанашырлары, ардагерлер мен жас балуандар қатысып, ұлттық спорттың мәртебесін асқақтатты.
Турнирде боз кілемге шыққан жасөспірімдер өзара мықтыларды анықтап, тартысты белдесулер көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар, мерейтой аясында Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолы мен спорттағы жетістіктеріне арналған көрме ұйымдастырылып, тарихи деректер мен мұрағаттық материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Келушілер даңқты балуанның халықаралық ареналардағы жеңістері мен ел намысын қорғаудағы ерліктері туралы кеңінен мағлұмат алды.
Іс-шара барысында ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау мәселесі де көтерілді. Қазақ күресін дамыту, жастарды спортқа баулу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығы айтылды. Бұл бастама өскелең ұрпақтың отансүйгіштік рухын арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Сондай-ақ, Қажымұқан баба рухына тағзым ретінде арнайы ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Қатысушылар тарихи тұлғаның ел бірлігі мен ұлттық рухты көтерудегі орны ерекше екенін атап өтіп, оның өнегелі өмірі жас буынға үлгі екенін жеткізді. Жалпы, кең көлемде өткен мерейтойлық іс-шара ауданның мәдени-рухани өмірінде маңызды оқиға болды. Мұндай тағылымды басқосулар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және тарихи тұлғалардың мұрасын насихаттауға зор үлес қосады.
