Мемлекет басшысының тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ 2025 жылғы Жолдауда көтерілген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту міндеттерін іске асыру аясында жаңа басқару моделі енгізілуде. 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енген «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, көппәтерлі үйлерді басқару жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді тұрғындар басқару түрін өздері таңдай алады: мүлік иелері бірлестігі немесе тікелей бірлесіп басқару. Бұл шешімдер тұрғындардың ортақ мүлікке жауапкершілігін арттыруға және басқару сапасын жақсартуға бағытталған.
Осы өзгерістерді түсіндіру және жаңа жүйені талқылау мақсатында Түркістан қаласында «AMANAT» партиясының «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты семинар-форум өтті. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «AMANAT» партиясы хатшысы Ержан Жылқыбаев, Парламент Мәжілісі депутаттары, облыстық және қалалық мәслихат өкілдері, мемлекеттік органдар басшылары, қала және аудан әкімдері, сондай-ақ тұрғын үй саласына жауапты ұйымдар мен мүлік иелері бірлестіктерінің жетекшілері қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бастама өңір үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысы тұрғын үй қоры бойынша қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Облыста 1877 көппәтерлі тұрғын үй бар, олардың басым бөлігі кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. Сонымен қатар 243 үй коммуналдық меншікте. Түркістан қаласында тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру және сервистік қызмет сапасын арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Қалада бірнеше басқарушы компания мен сервистік ұйымдар қызмет көрсетеді.
Әкімнің айтуынша, «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғын үй басқару саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Жоба аясында тұрғындардың қауіпсіз, қолайлы және заманауи ортада өмір сүруін қамтамасыз ету көзделген.
«AMANAT» партиясы хатшысы Ержан Жылқыбаев өз баяндамасында жаңа реформалардың маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты басқару жүйесін жаңғырту тікелей халықтың өмір сапасына әсер етеді. Бұл тек тариф немесе инфрақұрылым мәселесі емес, сонымен қатар қауіпсіздік, абаттандыру, лифт, жарықтандыру, интернет және басқа да қызметтердің сапасына қатысты кешенді өзгеріс.
Ол сондай-ақ Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Түркістан қаласында жаңа шағынаудандар дамып, жүздеген тұрғын үйлер салынған. Бұл үйлерде мүлік иелері бірлестігі мен басқару жүйелері енгізіліп, тәжірибелік негізде жұмыс істеуде. Бұған дейін осындай форумдар Қарағанды, Ақмола және Павлодар облыстарында өткізілген. Түркістандағы кездесу осы тәжірибені жалғастыруға бағытталған.
Форум барысында «OSI-SKILLS» форматында МИБ және ПИК төрағаларын оқыту, қалалық кеңестер құру, тұрғындар алдында есеп беру жүйесін енгізу, «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру жұмыстарын күшейту, халық қатысатын бюджет бағдарламаларын дамыту сияқты бастамалар айтылды. Сонымен қатар үздік үйлерді анықтау, басқару саласына кадрлық резерв қалыптастыру және фронт-офистер ашу жоспарлары ұсынылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық саланың қазіргі жағдайы туралы баяндама жасады. Бүгінде облыста 199 мүлік иелері бірлестігі және 10 кооператив жұмыс істейді, ал 550 тұрғын үй тікелей бірлесіп басқару жүйесіне өткен. Бұл өзгерістер тұрғындардың белсенділігін арттыруға және басқару сапасын жақсартуға бағытталған.
Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов тұрғын үй реформасының стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, заң өзгерістері басқару жүйесін ашық әрі тиімді етуге бағытталған. Бұл тек инфрақұрылымдық емес, әлеуметтік маңызы бар реформа, себебі ол әр азаматтың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар сала мамандары, қала әкімдері және мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері қаржылық ашықтық, салық тәртібі, басқарушы ұйымдардың жауапкершілігі және қызмет сапасын арттыру мәселелерін көтерді.
Форумда тұрғын үйді басқарушы компания өкілдері мен мүлік иелері бірлестіктерінің жетекшілері бұл алаңның тәжірибе алмасуға және мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік беретінін айтты.
Жиын сұрақ-жауап форматында жалғасып, тұрғындар тарапынан тариф, басқару сапасы, заңдық нормалар, сервистік қызметтердің тиімділігі сияқты мәселелер көтерілді. Мамандар бұл сұрақтарға жауап беріп, жаңа жүйенің артықшылықтарын түсіндірді. Жалпы алғанда, Түркістандағы «TURǴYNDAR AMANATY» семинар-форумы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформаларды түсіндіруге, өзекті мәселелерді талқылауға және нақты шешімдер ұсынуға бағытталған маңызды диалог алаңы болды.
