Жаңалықтар Қоғам Мәдениет Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АРҚЫЛЫ ӘЗІРЛЕНГЕН «ТҮРКІСТАН САҚШЫЛАРЫ» МУЛЬТФИЛЬМІНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Түркістан қаласында өскелең ұрпаққа арналған жаңа ұлттық анимациялық жоба – «Түркістан сақшылары» мультфильмінің тұсаукесері өтті. Жоба балалардың тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және заманауи технологияларды тиімді пайдалануға бағытталған.

Аталған шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыс прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов, сондай-ақ жоба авторлары, продюсері мен режиссері қатысып, мультфильмнің идеясы мен маңыздылығына тоқталды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары қатысушыларды анимация саласындағы тың жоба – «Түркістан сақшылары» мультфильмінің тұсаукесерімен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән бере отырып: «Біз еңбекқор, білімді, отаншыл әрі заманауи технологияларды меңгерген ұрпақ тәрбиелеуіміз керек» деп атап өткен болатын. Осы ретте биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланып, жаңа технологияларға негізделген даму кезеңі басталды. Бұл – келешек ұрпақтың бәсекеге қабілетті болуына жасалған нақты қадам. Түркістан – жай ғана қала емес. Бұл – ғасырлар бойы түркі дүниесінің рухани өзегіне айналған киелі мекен. Мұнда тарихтың ізі сайрап жатыр, бабалар рухы сезіледі. Осындай қасиетті өлкеде өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына туған жерге деген сүйіспеншілік пен тарихқа құрметті бала кезден сіңіру – ортақ міндетіміз. «Түркістан сақшылары» мультфильмі – тәрбиелік маңызы зор жоба. Бұл туынды жас көрермендерді туған жерін сүюге, ел тарихын құрметтеуге, адалдық пен әділдікке, достық пен бірлікке үндейді, – деді ол.

Мультфильмнің жалпы ұзақтығы – 50 минут. Анимациялық туынды өскелең ұрпақты тәрбиелеу, тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және оларды цифрлық дәуірге бейімдеу мақсатында әзірленген. Сонымен қатар жоба «Заң және тәртіп» қағидаттарын ілгерілету аясында жүзеге асырылып, жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Жоба аясында балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, тарихи-мәдени мұраға құрмет сезімін қалыптастыру және патриоттық тәрбиені күшейту көзделген. Мультфильм сюжеті арқылы жас көрермендерге тазалық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және жауапкершілік қағидаттары түсіндіріледі.

Шара барысында мультфильмнің тизері көрсетіліп, кейін толық нұсқасы көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар балаларға арналған интерактив ойындар мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, мультфильм кейіпкерлері бейнесіндегі аниматорлар балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Аталған жоба Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылды. Заманауи технологиялардың мүмкіндіктері қолданылып, балаларға арналған мазмұн жаңа форматта ұсынылды. Мултьфильмді «Turkistan» телеарнасы әзірлеген. Бас продюсер – Уәли Қыдыр, жоба және идея авторы – Ғасыр Құралбайұлы, режиссер –Еркебұлан Шуашов.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында 1 105 білім беру мекемесінде 600 мыңға оқушы білім алуда. Сонымен қатар өңірдегі 1 438 мектепке дейінгі ұйымда 153 053 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жалпы алғанда, өңірде 700 мыңнан астам бала мен жасөспірім білім беру және тәрбие жүйесімен қамтылған. Осындай ауқымды аудитория үшін тәрбиелік, танымдық және ұлттық мазмұндағы сапалы медиа өнімдер әзірлеу – уақыт талабы.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қатысты жаңалықтар

НАЧИНАЕТСЯ ПРИЕМ ДОКУМЕНТОВ НА БЕЗВОЗВРАТНЫЕ ГРАНТЫ

azatmedia

Түлкібаста кәсіподақ мүшелері марапатталды

azatmedia

АКИМ ШЫМКЕНТА СДЕЛАЛ СВОЙ ВЫБОР НА ВЫБОРАХ

azatmedia