Мәдениет

ТАШКЕНТТЕ ЖАЗУШЫ МАРХАБАТ БАЙҒҰТТЫҢ ЖАҢА ЖИНАҒЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Ташкент қаласында классик жазушы Мархабат Байғұттың өзбек тілінде жарық көрген «Ким ошди савдоси» атты жаңа әңгімелер жинағының тұсаукесері өтті. Әдеби шараға қаламгердің жары Қыздаркүл Пернебайқызы, «Мархабат Байғұтқа 80 жыл» жобасының жетекшісі, журналист Ғалымжан Елшібай, драматург-әдебиетші Сая Қасымбек, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айдар Сейдазым, сондай-ақ өзбекстандық зиялы қауым өкілдері арнайы қатысып, жазушы шығармашылығына деген құрметтерін білдірді.

Іс-шара барысында Мархабат Байғұттың қазақ руханиятындағы мәртебелі орны ерекше атап өтіліп, жазушының өмір жолы мен шығармашылық әлеміне қатысты тың деректер, естеліктер мен жүрекжарды лебіздер айтылды. Бұдан бөлек, шараға қатысушыларға «Мархабат» журналы мен «Markhabat.kz» әдеби порталы таныстырылып, қаламгер мұрасының заманауи форматта насихатталуы жөнінде әңгіме өрбіді.

Жоба жетекшісі Ғалымжан Елшібай өз сөзінде Мархабат Байғұттың өзбек тіліндегі жинағының тұсаукесері тек бір кітаптың жарық көруі ғана емес, әдебиетке деген ілтипаттың, түркі халықтары арасындағы мәдени байланыс пен шығармашылық ынтымақтастықтың шынайы көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл игілікті қадам екі ел әдебиетінің арасына жаңа көпір салғандай әсер қалдырып, өзара құрметтің, рухани сабақтастықтың жарқын үлгісіне айналды.

Бұл бастамаға қазақ-өзбек зиялы қауымдарының арасында алтынкөпір болып жүрген «Ижодкор» әдеби бірлестігінің құрметті төрағасы Абдирахим Пратов пен бірлестіктің қазіргі төрағасы Закиржон Муминжонов мұрындық болған. «Ижодкор» әдеби бірлестігінің атынан Өзбекстан Жазушылар Одағының төрағасы, әйгілі ақын Сирожиддин Саййид бастаған бірнеше өзбекстандық қаламгерге «Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл» жобасына қолдау көрсеткендері үшін Алғыс хат, сый-сыяпат тапсырылды.

Бұл тұсаукесер тек жазушының шығармашылық жолын атап өту ғана емес, сонымен қатар түркі әлемінің әдеби бірлігін, өзара ықылас пен ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды кезең болып табылады. Мархабат Байғұттың жаңа жинағының жарық көруі оның әдебиетке қосқан үлесінің зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әсіресе, оның шығармалары қазақ-өзбек әдебиетінің өзара байытылуына ықпал етіп, екі халықтың рухани және мәдени байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді. Ғалымжан Елшібай атап өткендей, бұл жоба әдебиеттің шекараларды жоюдағы күшін, шығармашылық бірліктің маңыздылығын көрсетеді.

Мархабат Байғұттың шығармашылық мұрасы өткен ғасырдың соңғы кезеңінен бері өзбек әдебиетінде ерекше орын алады. Оның әңгімелері мен повестері, көбіне, әлеуметтік мәселелер мен адамзаттың ішкі жан дүниесіне терең бойлап, оқырманды терең ойға жетелейді. Байғұттың өзбек тіліндегі жинағы, сөзсіз, заманауи әдебиетке жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді және оның әлемге көзқарасын кеңейтеді. Жинақтың тұсаукесерінде айтылғандай, бұл қадам өзбек әдебиетінің жаһандық деңгейде танылуына да үлес қосады.

Бұл жиынның тағы бір ерекшелігі – қазақ-өзбек жазушыларын ортақ мақсат жолында біріктіріп, жаңа әдеби бастамаларға жол ашты. Мұндай кездесулер мен шаралар елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықты тек нығайтып қана қоймай, жаңа идеялар мен шығармашылық бастамаларға негіз болатыны сөзсіз. Әсіресе, «Ижодкор» әдеби бірлестігінің төрағаларының атқарған жұмыстары мен қолдауларының нәтижесінде екі халықтың әдебиеті арасындағы алтын көпірге айналған бұл жоба одан әрі дамып, үлкен маңызға ие болады.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДЫҚ СӘУКЕЛЕ ҒАЛАМДЫҚ РЕКОРДТАР КІТАБЫНА ЕНДІ

azatmedia

БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫ САЯБАҚТА ТАНЫМДЫҚ ШАРА ӨТКІЗДІ

azatmedia

ҚАЗЫҒҰРТ: САЛДАРБЕК КӨЛІБАЙҰЛЫНЫҢ ЖАҢА КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

azatmedia