Мәдениет

Қазығұртта мәдениет пен өнердің тойы: «QAZYGURT FEST» гала-концерті өтті

Киелі Қазығұрт төрінде аудан әкімдігі мен демеушілердің қолдауымен «QAZYGURT FEST» атты он мыңға жуық адам жиналған гала-концерт өтті.

Мерекелік шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов қатысып, “Жұмысшы мамандықтар жылы” қарсаңында өз саласында адал қызмет атқарып жүрген бір топ еңбек адамдары мен үздік нәтижеге қол жеткізіп, өздеріне жүктелген міндеттерді жүйелі түрде жүргізе білген мекемелерді алғыс хаттармен марапаттады.

Сондай-ақ, концерт барысында аудан жастары “1 тамызды – Қазығұрт жастары күні” деп атап өтуді ұсынды. Елдің болашағы саналатын жастардың бұл ұсынысын аудан әкімі қолдап, жастардың бастамаларына әрдайым ашық екенін жеткізді.

Сахна төрінде елімізге танымал эстрада жұлдыздары Өктем Алтаев, Қайрат Түнтеков, Серік Ибрагимов, Әділет Жауғашар өнер көрсетті. Сондай-ақ, жастардың сүйікті орындаушылары Ақсұңқар, Диана Алдабергенова, Әділ, Әли, Бағдат, Баянсұлу, Есқара Бейбітов және аудандық мәдениет сарайының әншілері көпшілікке керемет әндерін тарту етті.

Кештің көңіл-күйін көтерген – еліміздегі ең танымал әзіл жобасы “Jaidarman” ойындарының жұлдыздары: “Абырой”, “Ақбұлақ”, “Самал 3” командалары өздерінің тапқыр әзілдерімен көрерменге шаттық пен күлкі сыйлады. Концерт соңында аспанды жарыққа бөлеген керемет отшашу мерекенің шырайын кіргізді.

Айта кетейік, 28 шілде мен 2 тамыз аралығында ауданға қарасты 13 ауыл округінде арнайы гастрольдік сапар ұйымдастырылып, өнерпаздар ауыл тұрғындарына мәдениет үйлерінде концерт қойды.

Қатысты жаңалықтар

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА АБАЙ КҮНІНЕ ОРАЙ БІРҚАТАР ІСШАРАЛАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП ӨТКІЗІЛДІ

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПІКІРСАЙЫС ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

azatmedia

КЕЛЕС АУДАНЫНДА «ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ – ДОМБЫРА» АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

azatmedia