Бүгінде Келес ауданының 37 елді мекеніне ауыз су Сарыағаш ауданынан жеткізіледі. Осы ретте екі аудан арасындағы техникалық үйлестіру мен тығыз өзара іс-қимылдың маңызы айрықша. Себебі, бұл мәселенің тиімді шешілуі – ең алдымен су жеткізудің әділдігі мен үнемділігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты.
Қазіргі таңда Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 62-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ауыз су “Қазсушар” РМК ШЖҚ Оңтүстік ауыз су филиалына қарасты үш мекеме – “Сарыағаш ТСЖ”, “Дарбаза ТСЖ” және “Келес қызмет” коммуналдық мекемесі арқылы жеткізіліп отыр. Бұл құрылымдардың өзара жұмысы – халықты сапалы ауыз сумен қамтудың негізгі тетігі.
Нақтырақ айтқанда, Сарыағаш ТСЖ мекемесі Келес ауданындағы аудан орталығы мен оған іргелес 10 елді мекенге су жеткізуді қамтамасыз етеді. Алайда, жаз мезгілінде тұтыну көлемінің күрт артуына байланысты су тапшылығы бұрынғыдан да күрделі сипат алуда. Бұл жағдайды ескерген Түркістан облысының қос ауданы – Сарыағаш пен Келес – арнайы кесте бойынша ауыз суды кезекпен беруге уағдаласқан.
Осыған орай, Келес аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, “Сарыағаш ТСЖ”, “Дарбаза ТСЖ” мекемелері қатысқан арнайы жиын өткізілді. Алқалы басқосуда су тапшылығының себептері мен салдары жан-жақты талданып, судың сапасы мен тұрақты берілуі ерекше атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар мен тиімді тетіктер қаралып, бұл мәселеге қатысты жүйелі шешімдер қабылдау қажеттілігі пысықталды. Бүгінде Келес ауданында су тапшылығын шешу үшін тиісті шараларды қолға алып отыр. Бұл бағытта жаңа инфрақұрылымдық жобалар қаралып, техникалық мүмкіндіктер жан-жақты зерделенуде.