Елімізде жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық Домбыра күні атап өтіледі. Биыл бұл мереке 6 шілде – Астана күні мерекесімен қатар тойлануда.
Осы орайда бүгін Отырар ауданында Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік жиын өтті. Еліміздің бас қаласы – Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған «Астана – арман қала» және «Күмбірле, киелі домбыра!» атты мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, тұрғындарды қатар келген қос мерекемен құттықтады.
Ол өз сөзінде: « Ардақты ағайын! Бүгін біз елдік пен руханияттың, тарих пен болашақтың терең тамырын тоғыстырған қос бірдей мерекені – 1 шілде – Ұлттық домбыра күнін және 6 шілде – Астана күнін салтанатты түрде атап өтіп отырмыз. Ұлттық домбыра күні – тек музыкаға ғана емес, тұтас ұлттың болмысына, рухына, өткен тарихына деген құрметтің белгісі. Домбыра – бабалар үні, дала сарыны, ұрпақтар арасын жалғаған алтын көпір. Домбыра арқылы біз тарихты естиміз, елдік мұратты сеземіз. Бұл – Мемлекет Басшысының бастамасымен белгіленген мерейлі мейрам, ұлттық сананы жаңғыртатын маңызды күн. Ал, Астана күні – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірін айшықтаған, елдің дамуына серпін берген маңызды мереке. Астана – бұл тек географиялық орталық емес, бұл – жаңғыру мен жаңашылдықтың, татулық пен тұрақтылықтың символы. Елордамыз – еліміздің абыройы, тәуелсіздігіміздің тірегі. Бүгінгі қос мерекенің тағылымы – ұлттық мұра мен мемлекет болашағының сабақтастығында жатыр. Өткенді ұлықтап, болашаққа сеніммен қарау – ұлттың кемелдігі деп білемін», – дей келе ауданымызда еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауға атсалысып жүрген азаматтарға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының алғыс хаттарын табыстады.
Мерекелік іс-шара аясында жергілікті өнерпаздар мен өнер ұжымдары елорданың дамуын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ән-күйлерді көрермен назарына ұсынды. Кеш бағдарламасы елдік рухты асқақтатып, ұлттық өнерге деген құрметті арттырды.
Шараға жиналған тұрғындар мен қонақтар көтеріңкі көңіл-күймен, ерекше әсермен тарасты. Концерт – ұлттық сана мен руханияттың жарқын көрінісіне айналды.