Түркістан қаласындағы іргелі жоғары оқу орны, тәуелсіздіктің құрдасы – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде дәстүрлі «Aq Jol, Yasawi túlegi – 2025» атты үздік және белсенді бітіруші түлектерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы негізінде құрылған білім ордасы алғашқы түлектерін 1995 жылы үлкен өмірге жолдаған болатын. 2024-2025 оқу жылында университетті 1800-ден астам жас маман тәмамдады.
Салтанатты рәсімде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, ректордың өкілі м.а. Наджи Генч, ҚР Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы, 1996 жылғы түлегі – Айжан Көлбаева, Стамбул қаласындағы AcademyUs Art and Education және Kam-Us баспаларының негізін қалаушы, 2004 жылғы түлек – Айдемир Гүлтекин және өзге де зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік органдар мен мекеме басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, ата-аналар мен университет түлектері қатысты.
Рәсім барысында үздік және белсенді 300 студентке дипломдар табысталды. Олардың ішінде оқу озаттары мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан жастар да бар. Университеттің «Ең үздік 30 түлегіне» дипломдарды ректор Жанар Темірбекова мен ректордың өкілі м.а. Наджи Генч арнайы табыстап, жылы лебізін білдірді.
Шара аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен құрылған «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебінің сертификаттары табысталды. Сертификатты агенттіктің облыстағы басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Абылайхан Наурызбаев салтанатты түрде тапсырды.
Кеш университет қабырғасында алған білімдерімен қатар, оқу орнының абыройын асқақтатқан белсенділерді ұлықтаумен ерекшеленді. Мерекелік атмосфера концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кешке арнайы қонақ ретінде шақырылған Қазақстанның танымал эстрада жұлдызы Дастан Оразбек өнер көрсетіп, жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.