Түркістан қаласының тұрғындарының назарына нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресі туралы ақпараттарды ұсынамыз.
Күн сайын дүниені дүр сілкіндіретін жаңалықтарды естігенде денең түршігетіні рас. Кісі өлімінен бастап, зорлық-зомбылық, әлемді жалмаған белгісіз дерт адамзатты жойып барады. Әлем назары сондай қасіретті болдырмау мен алдын алуға ауғанымен, айтып келмейтін тажал қаншама отбасын әбігерге салды. Сондай алаңдатарлық жағдай, кім-кімді болмасын бей-жай қалдырмайтын дерт – нашақорлық дер едім.Жамандық айтып келмейді деген сөз бар. Жаман айтпай жақсы жоқ деген тағы бар. Яғни адамның ұрпағы жамандықтан жүз пайыз қорғалмаған. Ең қорқыныштысы, жас адамның санасын улап жатқан көптеген қауіптің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді көбейіп бара жатқандығы.Кез келген ата-ана перзентінің болашағына алаңдайды. Оларға бар күшін салып, жақсы білім алуына, ештеңеден тарықпай өмір сүруіне, қатарынан кем болмауына жағдайы жасайды. Алайда жасөспірім баланың айналасында болып жатқан өзгерістерге ден қойып, оларды алаңдатып жүрген мәселеге мән бермей, уақыттың тапшылығын сылтауратып, кейіннен опық жегенде кеш боп жататыны өкінішті. Мұны айтып отырған себебім – қазір барлық жастағы бала әлеуметтік желіге «байланған». Ондағы түрлі сайттардан бала кез келген ақпаратты алады. Ал еліктегіштігі мен қызығушылығы басым келетін жасөспірім әсіресе, өзінің өтпелі кезеңінде жағымсыз әрекетке қалай бойын үйретіп алғанын да сезбейді. Алдымен жәй ғана дәмін татып көріп, оның әсерінен алаңсыз бейқамдық күй кешетін бала кейін нашаға тәуелді болып қалғанын да білмей қалады.Біз үшін «нашақорлыққа әуестік үлкен қалаларда болады» деген қате түсінік бар. Дегенмен бұл қауіп қазір шағын ауылдардың өзінде кездеседі. Сондықтан аты өшкір нашақорлықтан балаңызды қорғау үшін перзентіңізбен ашық әңгіме айтудан қашпау керек. Ата-анасы екеуі бірдей отырып, нашаның қандай әсері болатынын, оған әуестенген адамның болашағы жоқ екендігін және оның тұтқынынан құтылу оңай еместігін айтып түсіндіру әке мен ананың міндеті.«Бұл пәлеге менің балам ұрынбайды» деген қате пікірге бармай, қайта одан ешкім де қорғалмағанын мойындаған дұрыс. Нашақорлықтың алдын алуға балаңыздың жасын ескеріп, ұғынықты етіп түсіндіру қажет. Меніңше ерте өлімге әкелетін нашақорлықтан баланың қорыққаны дұрыс. Оның психологиясына оң әсер ететін тек қана оның ата-анасы. Сондықтан бала тәрбиесіне ерте жастан алаңдап, оның бос уақытының тиімді өткенін қадағалаған жөн. Түрлі үйірмелерге қатыстырып, спорт секцияларына бару денінің сау, шымыр да, ширақ болуының кепілі. Ал жаманнан жирендіріп, жақсыға үйрету ата-бабадан келе жатқан ұлттық құндылықтардың бірі. Ұлттық салт-дәстүрді біліп өскен баланың бойында имандылық, үлкенге деген құрмет сияқты қасиеттер болатынын өмірдің өзі дәлелдеген.Қазір жас та жасамыс та жаман әдетке үйір болды. Әсіресе күйбең тірлікті сылтауратып, қиыншылыққа шыдамай, жоқшылықты сылтауратып, миды тыныштандыру үшін, жүйкені басу үшін небір амалдарға барады. Кейбіреулер шылым шегіп, ашу басса, енді біреулер баланың қолына алдансын деп ойыншыққа балап жүрген поп-итты ұстатады. Ең сорақысы жастардың, тіпті мектеп оқушыларының арасында темекі шегетіндер бар екені рас. Соңғы кезде темекінің түрін электронды темекіге ауыстырып, оны құмарлана пайдаланатындардың қатарын жастардың толықтыруы қоғам үшін қауіп төндіруде. Жалпы электронды темекі деген не деген сауалға келсек, бұл жайында әлеуметтік желіде көптеген ақпаратқа көз сүрінеді. Анықтамаларды сараптай келе білгеніміз, яғни түсінікті тілмен айтқанда электронды темекі – қыздырылатын табак. Оны сән ретінде немесе темекіні тастаудың амалы деп тұтынатындар білместік танытып жүр. Себебі, мамандардың айтуынша шылымнан да қауіпті темекінің құрамында химиялық заттар өте көп. Негізгі бөлігі никотин. Улы зат саналатын никотин ағзаға кіргеннен-ақ қанға түседі. Сондықтан адамның психологиясында ауытқулық пайда болып, темекіні ауық-ауық шекпесе тұра алмайтындай жағдайға жетеді.Әлем бойынша электронды темекіге әуестік жасөспірімдер арасында кең етек жайып барады. Әсіресе қалалық жерлерде мектеп оқушылары қоғамдық орындарда жүріп ашықтан ашық тұтынатынын көзіміз көруде. Ең өкініштісі бұл жаман әдет жұқпалы ауру тәріздес адамдар арасында жылдам тарап барады. Мұның себебін ең алдымен әлем желімен байланыстырамыз. Әлеуметтік желіге байланған жастар заманауи әндерді айтатын «жұлдыздардың» қолында микрофон емес, түтіні будақтаған құрылғыны көріп, оған деген қызығушылықтарын одан сайын оятуда. Еліктегіш келетін жасөспірімдер электронды темекіні іздеп жүріп тауып алып, оның дәмін бір татып көргеннен кейін-ақ қалай байланып қалғандарын білмей қалады. Электронды темекі деп жұмсартып айтқанымызбен оның соңы есірткі тұтынуға әкелмесіне кім кепіл?!Жарнама демекші, атауы құлаққа түрпідей тиетін «е-темекі», «вэйптер», «е-қалам» электронды темекінің бірнеше түрі. Бұған осы темекіден зияндығы асып түспесе, кем түспейтін никпэк, снюсты тағы қосыңыз. Электронды темекіде батарея, қыздыру құрылғысы және құрамында никотині бар сұйықтық немесе пластинкаларға арналған контейнер орнатылған. Ал вэйптің құрамында резеңкені жасайтын улы зат бар. Формальдегид атты химиялық зат адамның ағзасына енгеннен кейін бауырға барып жиналады. Шылымнан шығатын хош иістер айналасында отырған адамның да ағзасында аллергияны қоздыруы әбден мүмкін. Айналып келгенде ешқандай пайдасы жоқ, керісінше зияны шаш етектен болатын темекіден ұрпақты қорғау кезек күттірмейтін мәселе. Яғни арнайы заң арқылы ел аумағында электронды темекіні сатуға тыйым салу керек.Осы ретте, елімізде құрамында никотин бар өнімдердің техникалық регламентін бекіту жоспарланғанын айту керек. Талқылаудан өтетін құжатта «Техникалық регламент құрамында никотин бар өнімді Қазақстан аумағында қолдану, сақтау, тасымалдау, сату, таңбалау, жоюды реттейді» делінген. Сонымен қатар ел нарығына ашық түрдегі электронды тұтыну жүйелерін, ауыстырылатын контейнерлер мен ашық түрдегі никотинді, никотинсіз сұйықтық құюға арналған ыдыстарды шығаруға жол берілмейді. Құжат бекітілген соң Қазақстан нарығына бір рет пайдаланылатын электронды темекі шығаруға жол берілмейді. Регламент бойынша 21 жасқа толмағандарға электронды тұтыну жүйелері мен сұйықтықтар сатылмайды. Техникалық регламент талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана нарыққа жіберілетін болады.Жыл сайын қараша айында елімізде халықаралық темекі шегуден бас тарту күні аталып өтіледі. Бұл күнтізбеде 1977 жылдан бері атаулы күн ретінде белгіленген. Осындай күнді бекіту – адамдарды темекіге деген тәуелділіктен арылту, зиянды әдетпен күресуге қоғамның әрбір мүшесін көптеп тарту мақсатын көздеген.Иә, жаман әдеттен арылу оңайға соқпайды. Дегенмен өз-өзіне деген сенімділік қандай қиындықты болса да жеңіп шығуға мүмкіндік беретін жақсы қасиет. Ең бастысы, адамда сананың тазалығы, саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылыс болса болғаны.