Қоғам

Діни экстремизмнің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде

Түркістан қаласының тұрғындарына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу туралы ақпараттарды ұсынамыз.

Қазіргі кезде дінді өздерінің саяси мақсатында пайдаланатындар бар. Бұл мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіреді. Кездесудің мақсаты осындай қатердің алдын алу. Жиынға Бірлік тұрғындар алқабы халықпен жұмыс жүргізу секторының тұрғындары қатысты. Мамандар діни экстремизмнің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Рухани-адамгершілік негіздерін ашу арқылы шиеленістердің алдын алуға, қоғамда орнығуға, экстремизм мен терроризм сынды діни қауіп-қатерлерге қарсы тұруға мүмкіндік туады. Бүгінгі таңда діннің рөлі саяси аренада күн санап артуда. Бұл, өз кезегінде, дінді саяси мақсатта пайдалану мүмкіндігінің артқандығын білдіреді. Сонымен қатар, діннің рөлі мәдениет пен қоғамдық қатынастарда да өскендігін айта кету керек. Бірақ, сараптап қарайтын болсақ, өзгерістер кезінде діннің өзі емес, оның бұрмаланған бейнесі көрініс береді. Әсіресе, саяси астарда, дін ең өрескел түрде пайдаланылады. Діни негіздегі белсенді партияларда экстремизм элементтері жиі байқалады.

Ақпарат айдыны кеңейген сайын интернет пайдаланушылар саны да күннен-күнге артуда. Бұл дін туралы ақпаратты таратушыларды да айналып өтпеді. Қазіргі таңда діни мәліметтерді табу еш қиындық тудырмайды. Қолыңда құрылғы болса жеткілікті. Бірақ ол ақпарат қаншалықты сенімді көздерден алынды, оның пайдасы мен залалын қаншалықты ажырата алып жатырмыз деген сұрақ туындайды. Бұл әлеуметтік желіні пайдаланатын әр адамға ақпараттың пайдасы мен залалын таразылау жауапкершілігін жүктейді.

Таяқтың екі ұшы болады демекші, ақпарат ағыны арасында деструктивті ағымдардың идеяларын насихаттайтын топтардың да бар екендігін ұмытпау керек. Осы ретте діни иммунитетті қалыптастыру өте маңызды. Көпұлтты және көпконфессиялы еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде діннің алатын орны қашанда ерекше. Интернеттегі діни контент қоғамға немесе жекелеген тұлғаларға бағыт-бағдар беріп отыратын керекті дүние. Сондықтан оны қоғамның сұранысына сай дайындай білу және пайдалана білу өте маңызды.

Белгілі дінтанушы ғалым Балғабек Мырзаевтың айтуынша, бүгінгі қоғамда дінді ұстанатын, дінді ұстанбайтын, дінге сенбейтіндер немесе дінге қалай сенетінін білмейтіндер, сондай ақ радикалдар мен фанаттар сияқты әртүрлі топтар бар және олардың діни қажеттіліктері де сан қилы.

– Діни материалдардың қандай аудиторияға бағытталатыны және оны кімдер айтуы орынды болатынына дейін уәкілетті органдар бағыттап отыруы керек. Әлбетте, дін саласындағы мемлекеттік саясатты білу әрбіріміздің міндетіміз, алайда соған бағынғысы келмейтін немесе тыңдағысы келмейтін азаматтар мен ағымдар да бар. Мысалы, радикалдық бағыттағы адамға дінді ұстанбайтын адамның айтқан сөзінен әсер аз болады. Оған талай мәрте өзім де куә болдым. Ал оның алдына Құран мен Сүннет ілімін жетік меңгерген адам шығып, радикализм мен терроризмнің теріс әрекеттерін аят-хадистермен түсіндіріп берсе, ол райынан қайтуы әбден мүмкін, – дейді дінтанушы.

Осы бағытта еліміздің дін саласында қолданылатын заңнамаларын түсіндіру жұмыстарында діни контенттің рөлі айрықша. Түрлі мақала, шағын пост, аудио-бейне жазбалар мен қысқа метражды фильмдер, баннерлер мен жарнамалар арқылы біз өз азаматтарымызды діни тұрғыдан қателесуден сақтандырып отырамыз. Арнайы лекторлар қоғамның түрлі топтарымен тікелей эфир арқылы кездесулер өткізіп, оларға заңның алдындағы жауапкершіліктерін қаперлеріне сала отырып, азаматтарға бағыт-бағдар береді. Яғни осындай жұмыстар азаматтарымыздың радикалдық ағымдарға кетіп қалуының алдын алуға себеп болады. Сонымен қатар діни білімін жетілдіріп отырады.

Өз кезегінде мұндай діни контенттерді дін саласындағы мамандар мен зерттеушілер қоғамның дамуы мен талаптарына сай жаңаша форматта әзірлеуі керек. Қазіргі кезде ақпараттың көптігінен әлеуметтік желілерде теріс бағытты ұстанушылардың тұзағына түсіп кетіп жатқандар бар. Сөйтіп ойда жоқ жерден өмірін ойран етіп жатады.

«Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің», – демекші, қазіргі таңдағы дінді өз мүддесі мен мақсатына қол жеткізу үшін құрал ретінде пайдаланатын «уағызшылар» көп. Ал жастар діни материалдардың дұрыс-бұрысын ажырата алмай әлеуметтік желілерде сағаттап уақыт өткізуі өз кезегінде адасуға алып келеді. Олар аталған парақшаларға тіркеліп қана қоймай, өз достарына да таратады. Сондықтан жасөспірімдер діннің сыртқы формасына ғана емес, ішкі мәніне, құрылысына сыни көзбен мән беруі керек деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда еліміздің жас азаматтарының басым көпшілігі үшін радикалды діни ағымдардың ықпалына ұшырау қаупі зор. Жастардың радикалды діни ағымдардың ықпалына еріп кетуі олардың жеке көзқарасының әлі де толықтай қалыптаспағандығы және жас санаға оңай әсер ете алу жағдайына байланысты.

Радикалды контенттер көбінесе әсерлілікке негізделген. Әлеуметтік желілерде таратылатын контенттертің тым көптігіне байланысты желі қолданушыларын ерекше, сирек кездесетін материалдар қызықтырады. Осы тұста радикалдардың тарапынан шығатын контенттің қаупі жоғары екенін ескеру қажет. Сондықтан да дінге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда интернет арқылы емес, ақпараттарды Қазақстанда тіркелген діни ұйымдардың мекемелерінен немесе олардың ресми сайттарынан алған дұрыс.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады»,-делінген. Конституциялық негіздегі «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларында, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы.

Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады. Мемлекеттің зайырлы сипаты азаматтық қоғам субъектілерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асыруын талап етеді.

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөліне алмайды. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады. Мемлекет пен діннің арақатынасындағы жанды байланыстар зайырлы және рухани-діни құндылықтардың арақатынасы негізінде орныққан.

Дін – мемлекеттік саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі маңызды факторлардың бірі. Адам мен қоғам өмірінде ерекше орын алатын дін рухани мәдениеттің қалыптасу үдерісінде негізгі функцияларды атқарады, мәдениеттер мен өркениеттердің дамуына ықпал етеді.

Діннің саясатқа қатысы жоқ деп талап ету шындыққа жанаспайды. Өйткені діндер қоғамның социологиялық бөлігі болып табылады және олар саяси заңдылықта тиімді. Тарихта ең көп талқыланған мәселелердің бірі – дін-мемлекет-саясат қатынасы. Дамушы қоғамдарда дін саясатқа әсер ету арқылы биліктің қалыптасуына себепші болса, екінші жағынан саясаткерлер дінді бүкіл әлеуметтік өмірге тарату үшін пайдаланады. Олар өздерінің заңдылығын діннен алатынын мәлімдейді. Сонымен қатар, бүгінде жаһандық және империалистік күштер әртүрлі елдер мен қоғамдарды дінді басқару үшін пайдаланып, заңды үкіметтерге қарсы діни және секталық соғыс жүргізіп, үкіметтерді қиын жағдайда қалдыруда.

Баршамызға белгілі көптеген мемлекеттер теократиялық және зайырлы сипатта негіз алады. Теоркартариялық мемлекеттер басымдылықты дінге беру арқылы өмір сүреді.  Зайырлы мемлекет дегеніміз дін мен мемлекеттің бір-біріне жанасуынсыз жүзеге асатын ұстаным. Зайырлы мемлекеттің адамдары қай дінде, қай тілде, қандай дәстүрді ұстанатындығын өзі біледі. Алайда, белгілі бір нормативтік жүйеге бағынады. Зайырлы мемлекет сипаттамасын және заңын жазасың.

Дін мен мемлекет бір-бірінен еш уақытта бөлінуі мүмкін емес.  Дінді адамсыз, адамды имансыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да екеуі ұдайы бір-бірімен қарым-қатынаста болатыны белгілі.

Діни ұйымдар өз тарапынан мемлекет пен мемлекеттік мекемелердің істеріне, саяси өмірге араласа алмайды, түрлі саяси партияларды ұйымдастырумен айналыса алмайды, олардың жұмыстарына араласа алмайды, діни ұйымдар ретінде мемлекетті басқару сайлауына қатыса алмайды, қандай да бір діни ұйымнан өз депутаттығына кандидатын ұсына алмайды немесе мемлекеттік органдарға сайлауды қаржыландыра алмайды. Бірақ, азамат ретінде, жеке тұлға ретінде, басқа азаматтар сияқты сайлауға қатыса алады, кез-келген саяси партияның мүшесі бола алады. Зайырлы мемлекетте азаматтардың құқықтары ешқандай дінмен немесе діни нанымдармен байланысты емес. Осыған байланысты, мемлекеттік қызметшінің қандай да бір діни нанымды ұстануға құқығы бар екенін ерекше атап өткім келеді. Бірақ өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, кез-келген конфессияға артықшылық беруге жол берілмейді.

Қорытындылай келе адамның ішкі жан дүниесін кемелдендірумен дін айналысса, мемлекет адамның қоршаған ортасының дамуына жағдай жасау арқылы қоғам тұтастығын, бейбітшілік пен келісім ішінде өмір сүруін мақсат тұтады. Мемлекет қоғамның рухани дамуына діннің ерекше үлес қосатындығын мойындайды. Дін адамның дүниетанымының, қоғамдық сананың, әлеуметтік мінез-құлықтың маңызды құрамдас бөлігі болып қала беретіні анық.

Қатысты жаңалықтар

Астық өндіруден алдыңғы қатардағы ауылдық округ

azatmedia

Атырауда сәбиді тоңазытқышта өлтірген

azatmedia

ӘДІЛ ҚОҒАМ ОРНАТУДЫ ӘР АДАМ ӨЗІНЕН БАСТАУЫ КЕРЕК

azatmedia