Қоғам

Вейптен есірткіге дейін

Түркістан қаласының тұрғындарына электронды шылымдар мен вейптердің зияны туралы ақпараттарды ұсынамыз.

Электронды темекі түбімізге жететін түрі бар. Құрылтайдың күн тәртібіне кіруі тегін емес. Қоғамды алаңдатқан мәселені Мемлекет басшысы есірткіге теңеп, дер кезінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Бүгінде электронды шылым жасөспірімдерді желіктіріп, түтінімен еліктіріп тұр. Вейп темекінің жарнамасы жарқырап, шылымның бұл түрі еркін сатылымда, балаға қолжетімді бағада. Сорақысы сол тәтті буға тәнті болған мектеп оқушылары мұны сәнге айналдыруда. Тіпті, кейбір темекі тұтынушылары бұл өнім адам денсаулығына зиянды емес деген болжам айтып, сәуегейлік танытып жүр. Өзгелер иісі сасық деп өкпе айтпайтын болғандықтан, сыртты былай қойғанда, оны ғимараттың ішінде, үйде шегетіндер көбейген. Бұл құтылы темекіні біреулер ермек үшін қолданса, өзгесі кәдімгі шылымды тастауға көмектеседі деген ойда. Дәрігер мамандардың пайымдауынша, электронды темекінің негізгі бөлігі ол – никотинді улы зат. Ол қанға өтіп, психологиялық тәуелділік туындатады. Адам оны шекпесе ашуланшақ болады. Жүрек-қан тамырларына әсер етеді. Жеткіншектерді хош иісімен елітіп тұрған Вейп өнімдердің де зияны ұшан теңіз екен. Құрылғының құрамында резина өндіруге арналған токсинді формальдегид атты химиялық заттар бар. Бұл қосылыстар адам ағзасына түскеннен кейін, бауырда жиналады. Ал, стиктердегі хош иістер шылым шеккеннің ғана емес, жанындағы адамдардың да ағзасында аллергия тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, өкпе мен бүйрекке зиян тигізеді. Ұзақ уақыт бұл құрылғыны пайдалану тіпті қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Құрамы белгісіз құнықтырғыш құтыдағы темекіге қатысты тыйым күшейсін деген қоғам белсенділері оны еркін саудаға шығармау керек деп шырылдап бағуда.

Бүгінде электронды темекілер бұл — Альп, Эйкос, Вейптар елімізге сертификатсыз кіргізіліп жатыр. Дәрігерлер, электронды темекі құрамында психобелсенді заттар, ауыр металдар бар екенін айтып ескертуде. Қазірде электронды темекілер мектеп оқушылары арасында аса танымал. Бұл темекіні дүкенде еркін сатып алуға немесе әлеуметік желі арқылы еш қиындықсыз тапсырыс беруге болады. Қысқасы, қаршадай ұл мен қызға қолжетімді.

Жалпы заңға жүгінсек, темекі өнімдері 21 жасқа толмағандарға сатылмауы тиіс. Осы ретте облысымыз бойынша жыл басынан 256 жеке кәсіпкер жалпы шылымды жасы толмағандарға саудалағаны үшін назарға ілікккен. Талап бойынша темекі саудалайтын тұлғалар сатып алушының жеке бас құжатын талап етіп қана сауда жүргізуге міндетті.

Бүгінде темекі өнімдерін дүкен сөрелерінде жауып сатуда. Алайда, электронды темекі өнімдерінің жарнамалары әлеуметтік желіде жүктеліп, сайтта сан түрі самсап тұр. Түтіні тәтті темекіге тым үйір келетіндердің көп бөлігі мектеп оқушылары екен. Никотинді тауардың түтініне түрлі жағымды иістер қосқандықтан жасөспірімдер ағзаға зияны жоқ деп есептейді. Алайда қарапайым темекінің өзі адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе, электронды шылымнан келер зиян шаш етектен,- дейді дәрігерлер.

Кәдімгі темекі — жану өнімдерінің қалдықтары. Ал, электрондық темекінің құрамында еріткіштер бар, бұл өте қауіпті. Олар өкпе мембранасына, өкпе жасушаларына әсер етеді. Сонымен қатар ғалымдар адамның жүрегі мен миына әсер ететінін анықтады. Онда глицерин қоспалары да бар. Олар өте қауіпті, өкпеде қан ұйығыштарын тудырады.

Жастар арасында вейп шегетіндердің саны күн сайын артып келеді. Әсіресе оқушылар мини-кальяндарға қатты қызығады. Өйткені вейп темекі секілді емес, одан хош иіс шығады. Никотин де қосуға болады. Бірақ сол хош иістің өзі өте қауіпті. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз ұсынысын жариялаған.

Заманауи медициналық және социологиялық зерттеулер қарапайыс және электронды темекілерді пайдалану кезінде адамдардың денсаулығының нашарлауын көрсетеді. Күн сайын қала көшелерінде арнайы құрылғыларды пайдаланып, көп мөлшерде түтін шығаратын адамдарды көреміз. Вейпинг – жастар арасындағы жаңа тенденция, электронды темекіні шегушілер топтарға бірігеді, күн сайын жаңа дизайнға және жаңа хош иісті қасиеттерге ие (шие, жалбыз, алма, лимон, кофе және т.б.) электронды темекі құрылғылары көбеюде. Құрылғылар ұзын безендірілген металл цилиндрлері бар шағын қораптарға ұқсайды, тіпті эксклюзивті дизайнға ие болуы мүмкін. Ірі қалаларда вейп-кафелер ашылуда, вейп-фестивальдар мен байқаулар өтуде. Темекі шегушілер электронды құрылғыларды қарапайым темекіні шегуге қарағанда мүлдем қауіпсіз еліктеу деп санайды, бірақ әртүрлі дереккөздер электронды темекі шегудің зияны қарапайым темекі шегуден келетін зиянмен салыстырылатыны туралы материалдар жариялауда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) электронды темекілерді никотинді электронды жеткізу жүйелері ретінде жіктейді және олардың никотинге тәуелділікті емдеу ретінде қауіпсіздігі мен тиімділігіне қатысты жеткілікті түрде зерттелмегенін атап өтуде. Әрбір электронды құрылғыларды шегетін адам темекі шегудің денсаулыққа зиянды екенін білуі және есінде сақтауы керек.

Қазақстанда 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 9,8%-ы электронды темекіні/вейпті үнемі пайдаланады. Күйік пен түтіннің иісі болмағандықтан, ата-аналар балаларында никотинге тәуелділіктің дамуы туралы ұзақ уақыт білмей жүреді. Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина, Панама, Гонконг, Сингапур сияқты мемлекеттерде вейптердің айналымына тыйым салынған.

Өткен ғасырда Батыста ерлердің көбі трубка мен сигара тартып, шылымға сұраныс аз болыпты. Содан АҚШ заңының олқылығын пайдаланған American Tobacco қожайыны Джеймс Дьюк басқа бағытты тапты. Темекіні әйелдер мен балаларға жарнамалай бастады. Сөйтіп дегеніне жетіп, нәзік болмыс иелері көкшіл түтінді түйдек-түйдек бұрқыратуды ерлермен тең болудың, ал жасөспірімдер – ересек көрінудің нышаны деп қабылдады. Бұл әлемде ауыр дерттің белең алуына соқтырды. Аталған дерт дендемесін десек, мейлінше алдын алуымыз шарт. Себебі денсаулық – зор байлық!

Вейпте 31 қауіпті зат бар

Бұл құрылғы ингалятор секілді. Ішіндегі сұйықтық қайнағанда бу шығады. Сұйықтықтың құрамында бірнеше зат бар. Олар:

♦ Глицерин;

♦ Пропиленгликоль (Е1520);

♦ Хош иісті қоспалар;

♦ Никотин (кей кезде қосылмайды).

Вейперлер электронды темекінің зияны жоқ деп ойлайды. Себебі оны шеккенде шайыр бөлінбейді. Дегенмен Беркли университетіне қарасты Лоурен атындағы ұлттық зертхана мамандары вейптен уытты заттардың бөлінетінін анықтады. Буда 31 қауіпті зат болады. Оған қоса, хош иісті сұйықтықты көп жағдайда қолдан жасайды. Содан бағасы да арзан. Ал аккумулятор қызып тұрғанда канцерогенді заттардың мөлшері көбейеді. Аккумулятор жарылып кетуі де мүмкін.

Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, уытты химикаттардың бірі – диацетил. Ол хош иістендіргіштердің 75 процентінде болады. Оны тамақ өнеркәсібі де пайдаланып жатады. Бірақ деммен ішке көп тарта берсе, өкпеде қабыну процестері басталады. Бронхшалар тарылады, тыртықтар пайда болады. Жалпы уытты заттардың әсері аз емес. Олар:

♦ Пропиленгликоль ағзада жиналып, аллергиялық реакцияларды қоздырады. Бауыр мен бүйрекке зиян тигізеді;

♦ Пропиленгликоль мен глицерин ыдырғаннан кейін акролеин мен формальдегид қалады. Акролеин көздің шырышты қабығына әсер етсе, формальдегид жүйке жүйесіне салмақ түсіреді;

♦ Никотин қатерлі ісік ауруына әкеліп соқтырады;

♦ Құрамында никотині бар буды көп жұта берсе, адамның жүрегі айниды, басы айналады. Ас қорыту жүйесі бұзылып, іші өтеді.

♦ Ал бір вейпті бірнеше адам қолданған жағдайда гепатит, туберкулез сияқты аурулар таралуы мүмкін. Жүкті әйелдерге, аллергиямен ауратындарға және кәмелет жасқа толмаған балаларға вейп шегуге болмайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейді?

Бүгінде электронды темекілердің қауіпсіздігі толық зерттелмеген. Адамға «темекі тастауға көмектеседі» дейтін тиімділігі де дәлелденбеген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хош иістендіргіштерді қолданбауға кеңес беріп отыр. Жарнамасына да тыйым салу қажет дейді.

Бүгінде әлемдегі 25 мемлекетте вейпке ресми түрде тыйым салынды.

Қатысты жаңалықтар

Синоптиктер қызметі

azatmedia

Жатақханалар, қонақ үйлер, хостелдер мен кемпингтердегі өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелері

azatmedia

Павлодар облысында мал қырылып жатыр (видео)

azatmedia