Халықтық штаб өкілдерінің облыс тұрғындарымен түсіндіру кездесулері жалғасуда. Бүгін Қазақстан Республикасының Парламент өкілдері – Сенат депутаты Мұрат Қадірбек пен Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Кентау қаласына жұмыс сапарымен барды. Парламент өкілдерінің халықпен кездесулеріне облыстық және Кентау қалалық Халықтық штабының өкілдері, сарапшы ғалымдар, энергетик мамандар да қатысты.Кеншілер қаласында Халықтық штаб өкілдері тау-кен жабдықтары үшін резина-техникалық өнімдер шығаратын «Эластополимет» ЖШС-нің ұжымымен жүздесіп, Қазақстанның энергетика саласына түбегейлі өзгерістер әкелетін атом электр станциясын салу мәселесі бойынша орнықты пікірлерін жеткізді.«Қазақстанда қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне сәйкес келетін жаңа буындағы атом электр станциясын салу мүмкіндігі талқылануда. Стратегиялық мәні бар нысанды салу мен пайдаланудың бүкіл процесі барлық өркениетті әлемде қолданылатын халықаралық қоғамдастық әзірлеген ережелер мен нормаларға сәйкес өтеді. Оның құрылысы мен пайдалануға берілуі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің тұрақты бақылауында болады», – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібекұлы.Штаб мүшелерінің келесі кездесуі қала жастарымен өтті. Жастар жаңа идеяларды іске асыруда алдыңғы қатардан табылатын маңызды буын екенін айтқан Парламент өкілдері, атом энергетикасы болашақтың қуаты болып табылатынын жеткізді.«Атом энергетикасының дамуы Қазақстанның технологиялық тұрғыда әлем елдерімен тең қадам басуына мүмкіндік ашады. Экономика мен экологияға серпін беретін жоба ретінде осы бағыттағы ғылымның дамуына, тың ізденістердің қолға алынуына ықпал етеді», – деп нықтап айтқан Сенат депутаты Мұрат Қадірбек, жастарды жарқын болашақ үшін таңдау жасауға шақырды.Қаладағы №24 Тұрар Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебінде Халықтық штаб мүшелері білім беру ұйымының педагогикалық ұжымымен кездесу өткізіп, атомдық энергетиканың экономикалық, экологиялық аспектілері бойынша өзара пікір алмасты. АЭС елімізді энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, экономикалық өсуді ынталандыратыны, озық технологиялар трансфертіне жол ашатыны айтылды.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық