Ақпарат

АЭС САЛУ – ЭНЕРГИЯ ТАПШЫЛЫҒЫН ЖОЮДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб өкілдері Қазығұрт аудандық мәдениет үйінде руханият саласының қызметкерлері және жергілікті тұрғындармен кездесті. Аталған топты «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев бастап барды. Кездесу барысында партия филиалының төрағасы қазығұрттықтарға референдум өткізудегі мақсат, энергия тапшылығы мәселесі, атом электр станциясының елге беретін пайдасы, экономика мен әлеуметтік ахуалға тигізетін оң әсері және қауіпсіздігі туралы айтып берді. Алтынсары Дүйсенбекұлы атом энергетикасы – экономикалық жоба екеніне тоқталды. Елімізде энергия жетіспеушілігі жылдан-жылға өзекті болып келе жатқанын, Қазақстанда электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 20 пайызы газдан, 2 пайызы күн, жел мен судан өндірілетінін тілге тиек етті. –Біздегі энергетикалық инфрақұрылым күн санап ескіріп барады. Станциялардың 65 пайызы тозған. Әсіресе, энергия тапшылығы біздің оңтүстік аймақтарда анық байқалып отыр. Бұл тұрғындар қажеттілігімен қатар кәсіпкерлікті дамытуға да үлкен кедергі болады. Энергетика саласының мамандары мен ғалымдар атом энергетикасын дамыту – осы күрделі ахуалдан шығудың жалғыз жолы екенін айтып жатыр. Ең негізгі мәселе – қауіпсіздік. Халықты алаңдатып отырған басты мәселе де осы. Қазіргі уақытта әлемде жұмыс істеп тұрған 415 ядролық реактордың барлығы дамыған елдерде орналасқан. Егер АЭС адамзатқа қауіпті болса, өркениетті елдер бұдан бас тартар еді. Одан бөлек, қазір әлемде 60-қа тарта АЭС салынуда. Көршілес Өзбекстан да АЭС салудың қамына кіріскен. Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде көш бастап тұр, ал уран қоры бойынша екінші орында. Дамыған мемлекеттердің өзі АЭС-ке қажетті шикізатты бізден алып отыр. Ядролық отын өндіретін зауыт та өзімізде бар. Осыншама ресурсты, зор әлеуетті елдің игілігіне, экономикалық тәуелсіздігімізді нығайтуға жұмсамасақ, оның пайдасын қашан көреміз? Қашанғы шикізат елі болып қала береміз? Сондай-ақ, АЭС салуға 2 мың жұмысшы жұмылдырылса, қолданысқа берілген соң 8 мың жұмыс орны ашылады. АЭС құрылысы оның айналасындағы инфрақұрылымды да дамытуға серпін береді. Жаңа жолдар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер салынады, – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.Сонымен қатар, штаб құрамындағы партиялардың өкілдері мен энергетика саласының мамандары да АЭС-тің артықшылықтары жайында сөз қозғап, референдумдағы әрбір таңдау ел болашағы үшін маңызды екендігін жеткізді. Өз кезегінде мәдениет саласы қызметкерлері мен тұрғындар сауалдарына жауап алып, пікірлерін ортаға салды.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ТҮРКИЯНЫҢ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

azatmedia

Ақбастаудан жаңа 300 орынды мектеп соғылады

azatmedia

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚҰРМЕТТЕУ ЖАЛҒАСУДА

azatmedia