Ақпарат

БІТІМГЕРЛІК КҮНІ АУДАН, ҚАЛАЛАРДА АТАЛЫП ӨТТІ

5 тамыз – Қазақстан медиаторларының кәсіби мерекесіне орай, Түркістан облысындағы аудан, қалаларда және ауылдық окруктерде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау шаралары болып өтті.

«Медиация туралы» ҚР Заңының жүзеге асырылып келе жатқанына биыл 13 жылдың жүзі болды. Осынау мерзім ішінде бастапқыда «медиация» терминіне бөтенси қарап, жатсынған халық қазір бұл сөзді жылы қабылдайтын болған. Бұл пікірді ел арасында жүрген кәсіби медиаторлар айтып отыр. Өйткені, бұрын мәселе туындағанда «жаға жыртысып, иық қағыстырып» дауласқан жұрт, қазір қол алысып, төс қағысатындай дәрежеде мәселесін оңды шешіп жүрген көрінеді. Бұл жөнінде Арыс қаласында өткен дөңгелек үстелде кәсіби медиатор Ж.Өтегенова: «Бір бозбаланың жасынан асса да, асықпай дамып келе жатқан саланың берері де, одан халықтың күтері де көп. Атап айтқанда, медиацияға мемлекеттік қолдауды күшейту, медиаторлардың мәртебесін көтеру, ынталандыру шараларын қолға алу т.б мәселесін әлі де дамыту керек. Өйткені, МЕДИАЦИЯ – ізгілікті қоғам құру құралы», – дейді Арыс қаласы әкімінің орынбасары Алмас Сұлтанов, Арыс аудандық сотының төрағасы Сапархан Умаров, кәсіби және қоғамдық медиаторлар және жастар қатысқан жиында.

Атаулы күнді келестіктер де өз деңгейінде атап өтті. Келес аудандық кәсіби емес (қоғамдық) медиатор О.Егембердиев Ұшқын ауылдық округінің әкімдігінде жергілікті тұрғындар арасында даулы мәселелерді сотқа жеткізбей медиация тәртібімен қарау туралы жұмыстары бойынша жеке қабылдауын өткізді. Қабылдауда жергілікті тұрғындардың даулы мәселелерін сотқа жеткізбей қарау туралы мәліметтер беріліп, осындай тәлімдік шаралардың алдағы уақытта да жалғасы табылатындығы айтылды.Бітімгерлікті ту еткен мұндай көшпелі отырыс Сайрам ауданының халқын да айналып өтпеді. Жиынға аудандық Медиация кеңесі Ақсақалдар және Аналар кеңесі мүшелері мен Сайрам аудандық полиция басқармасы қызметкерлері мен кәсіби және қоғамдық медиаторлар шақырылды. Азаматтар медиациялық келісім жасауға негізінен отбасылық мәселелер, еңбек, әлеуметтік-тұрмыстық даулар бойынша жүгінеді. Медиаторлардың дер кезінде және жоғары біліктілікпен көрсеткен кәсіби көмегі көптеген дау-жанжалдарды өршітпеуге, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға жол ашты. Сондықтан кездесуде медиациялық келісімнің артықшылықтары мен тиімділіктері айтылды.

Қазығұрттық тұрғындарға да бітімгерлік кездесуі ұйымдастырылды. Ондағы Қызылқия ауылдық округінің әкім аппаратында «Елдесу және татуласу» арнайы жобасы аясында округ медиаторы Н.Мәмбетәлиев елді мекендегі белсенді тұрғындар мен әкімдік қызметкерлеріне бұл саланың маңызыдылығы туралы түсіндіру баяндамасын жасап, дөңгелек үстел өткізді. Округ медиаторы келген азаматтарға құқықтық кеңес беріп, жиналыс қатушыларының сұрақтарына жауап берді. Соңғы уақыттардағы әртүрлі мақсатта сотқа жүгініп жатқан ауыл тұрғындарының мәселелерін көтеріп, оңтайлы шешу жолдарын түсіндірді.

Ал Төлеби ауданындағы қабылдау аудандық ардагерлер үйінде ұйымдастырылды. Аталмыш шарада Төлеби аудандық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаев Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова тұрғындарға қабылдау жүргізді. Халыққа медиациялық құқықтық көмек көрсету мен құқықтық мәдениетті арттыруды мақсат еткен жиында медиаторлар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға көптеп жұмыс атқарды. Жиын татулық пен достықты нығайту, қоғамда болып жатқан жанжалдарды азайту, отбасылық құндылықтарды сақтау және медиация жолымен шешілетін дау–дамайларды түсіндіру бағытында өткізілді.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ 3 МЫҢНАН АСТАМ НАУҚАС КОРОНАВИРУСТАН ЕМДЕЛІП ШЫҚТЫ

azatmedia

АҚСАҚАЛДАР ЖӘНЕ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ БІРЛЕСКЕН III ТОҚСАНДЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

azatmedia

ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

azatmedia