Ақпарат

ПАРТИЯ ФИЛЛИАЛЫ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫНДА БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТУДА

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде «AMANAT» партиясының бастамасымен іске асып жатқан «Таза бейсенбі» науқаны – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды, туған жерге деген қамқорлықты – азаматтық ұстаным ретінде тәрбиелеуді мақсат тұтады.

Науқанға қатысып, туған жерін аялауға үлесін қосып жатқан аманаттықтар тазалықты қоғамның өмір салтына айналдыруда іргелі қадамдар жасап келеді. Байтағымыздың әр аймағында қызмет атқарып, салмақты орнын айшықтаған, ықпалды саяси күшке айналған партияластарымыз, көпшілік демалатын аймақтардың бәрінде, өзен-көлдер жағалауларында, тарихи-мәдени ескерткіштер аумақтарында апта сайын тазалық жұмыстарын жүргізіп, еліміздің көркін ашуға күш біріктіруде.

Түркістан облысындағы партияластарымыз да ортақ істен шет қалмай, ауыл-аймақтардың барлығында қарқын алған күл-қоқыстан арылу жұмыстарына жұмылуда. Игілікті іске партия қызметкерлерінен бөлек, мәслихат депутаттары, саяси ұйым жанындағы қоғамдық құрылымдардың мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері қатысуда. Облыс, аудан орталықтарында, елді мекендерде, көпшілік жүретін күре жолдардың бойында, демалыс аймақтарында, туристік маңызы бар нысандардың аумақтарында партияның ықпалымен өтіп жатқан науқандарға еліміздің жанашыр азаматтары көптеп тартылуда, «AMANAT»-тың бастамасын үлгі аларлық өнегелі іс деп бағалауда.

Көпшіліктің көңілінен шыққан, жұртшылығымыз жылы қабылдап жатқан акциямыз бұл жолы киелі Қазығұрт тауының баурайындағы «Ақбура әулие» тарихи ескерткіш кесенесінің маңайында жалғасты. Жанына ем іздеген, өткенге тағзым еткен, тұмса табиғатымызды тамсана тамашалап келген көптеген жолаушы еліміздің әр түкпірінен осы қасиетті орынды арнайы іздеп келеді. Қойнауы талай тарихи оқиғалардың куәгері болған қарт Қазығұрт тауы – тек оңтүстіктің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жауһары десек те болады.

«Тарихымызда өзіндік орны бар бұл аймақтың тазалығын сақтау – перзенттік борышымыз. Алтын бесік туған жерімізге жанашыр болу – бәрімізге ортақ міндет. «AMANAT» бастамашыл болған жобаны бүкіл қоғам болып жалғастыруға шақырамыз», – деген тілегін білдірді партияластарымыздың басын қосып, игі іске жұмылдырған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев.

Түркістан өңіріндегі тәу ету туризмі объектілерінің тізімінде алдыңғы қатарда орналасқан тарихи кешеннің аумағында өткен тазалық жұмыстарына Қазығұрт ауданының әкімдігі де белсене қатысты. Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы Исмаилов тарихи мәні бар бұл нысанға қамқорлық айрықша болатынын айтып өтті. Тарихи ескерткіш орналасқан жер Төлеби ауданына қарасты болғандықтан, мұндағы абаттандыру жұмыстары Төлеби ауданы әкімдігімен бірлесе атқарылатынын мәлімдеді.

Аудандық партия филиалының үйлестіруімен өткен ізгілікті іске партия белсенділері, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, аудандағы мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, аудан және ауыл әкімдігінің өкілдері, жергілікті тұрғындар және «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты. Тазалық жұмыстары «AMANAT» партиясының «Вандализмге жол жоқ!» акциясымен жалғасын тауып, тарихи маңызы бар ескерткішке күтім көрсетілді. 

Қатысты жаңалықтар

КӘСІПОДАҚ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА МЕРЕКЕЛІК ЖИЫН ӨТТІ

azatmedia

Кентау: «Қарнақ-Шекербұлақ бауырлас ауылдар» тақырыбында ауқымды іс шара ұйымдастырылды

azatmedia

БІЛІМПАЗДАР БӘЙГЕСІ ЖАЛҒАСУДА

azatmedia