Бүгін Отырар ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша Шәуілдір ауылында бой көтеріп жатқан 600 орындық мектептің құрылысын қадағалаудан өткізді. Жоғары стандартты қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен қамтылатын мектеп биылғы жылы пайдалануға берілетін болады. Ал, Молыке Шойманов аулында өңір басшысы 200 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстары аяқталу сатысына жақындаған бұл нысан да биылғы жылы іске қосылатын болады. Аудан тұрғындары үшін маңызды болып табылатын ғимараттардың құрылыс барысы партияның Отырар аудандық филиалы тарапынан қоғамдық бақылауға алынған болатын.Ауданды одан әрі дамыту мүмкіндіктері аудан тұрғындарының қатысуымен өткен жиында жан-жақты қаралды. Облыс басшысының аудан жұртшылығымен кездесу жиынына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев қатысып, жергілікті тұрғындардың көтеріп жатқан мәселелерімен танысты, аудан әкімдігі мен тиісті салалық басқармалар тарапынан халықтың сұранысын орындауда іске асырылып жатқан жұмыстарды зерделеді.Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша нақты тапсырмалар бергенін айтқан Дархан Амангелдіұлы, аудан экономикасының дамуын оң динамикада сақтау үшін инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу басымдық болып табылатынын жеткізді. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда және су ресурстарын үнемді пайдалануда су үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу қажет екендігіне назар аударды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Отырар ауданында өткен жылы 10 елді мекенде 15 жобаны іске асыруға 1,1 млрд теңге бөлінді. Арыс, Шойманов, Көкмардан, Шытты елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Ақтөбе, Шойманов елді мекендерінде мәдениет үйінің құрылыстары басталып, биыл пайдалануға тапсырылады. Сонымен қатар 8 елді мекендегі 19,3 шақырымды құрайтын 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 8 елді мекенде 9 жоба іске асырылады. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруда өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 770 млн теңгеге 139 жоба қаржыландырылды», – деп нақты деректерді келтірді өңір басшысы.Аудан әкімдігіне өзіндік кірістер көлемін ұлғайтуды, жаңа жұмыс орындарын құруды, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту бойынша жоспарлы индикаторларды көтеруді міндеттеп, осы бағыттардағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Берілген тапсырмалардың орындалуы мен жоспарлы көрсеткіштердің іске асырылуы жөнінде аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың есебі тыңдалды. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан инфрақұрылымды жаңарту, жер бөлу, жайылым жердің көлемін ұлғайту, елді мекендерге газ жеткізу, ағын суды реттеу мәселелері бойынша ұсыныстары мен сұраныстарын білдірді. Айтылған әрбір ұсыныс жұмыс барысында ескерілетінін айтқан өңір басшысы, өзекті деген мәселелердің оңтайлы шешімдері белгіленетінін мәлімдеді.Тұрғындармен кездесу жиынынан кейін, облыс әкімінің жеке қоғамдық қабылдауы өтті. Қабылдауға жазылып сұраныстарын білдірген азаматтар кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету, жерді заңдастырып беруге ықпал ету, ауылдық елді мекендерге мектеп және медициналық пункт салып беру туралы өтініштері мен ұсыныстарын білдірді. Тұрғындардың көтерген мәселелерін мұқият тыңдаған өңір басшысы, барлық түйіндер қолданыстағы заң нормативтері шеңберінде шешім табатынын айтып, осында көтерілген мәселелердің әрбірі бойынша терең талдау, анықтау жұмыстары атқарылатынына сенім білдірді. Ұсыныстардың бәрі тиісті хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынатынын атап өтті.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық