Түркістан облысы республикамыздағы демографиялық өсімі қарқынды өңірлердің бірі. Адам капиталы – өңір дамуының басты көрсеткіші болып белгіленіп, әлеуметке бағдарланған экономиканы құруға басымдық берілген. Бұл межелі талап – «AMANAT» партиясының «Біздің басты байлығымыз – адам» дейтін тұғырлы тұжырымымен үндесіп, әрбір адамның лайықты білім алуына, медициналық көмекпен қамтылуына, жеке қауіпсіздігінің қорғалуына, өз елінде, өз жерінде алдағы болашағына алаңдамайтындай өмір сүруіне, жайлы әлеуметтік ортамен қамтылуына мүмкіндіктер ашу міндеттемелері айқындалған. Еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күшке айналған «AMANAT» партиясының мүшелері мен жақтастары, азаматтарымыздың келешекке сеніммен қарауына лайықты жағдай жасауды – алға қойған басты мұратымыз деп біледі.
Біз бағдар етіп алған жарқын келешектің ұстыны ретінде, озық ойлы ұлт болуымыздың межесін белгілеп отырмыз. Бұл бағытта біз, тың идеяларға ашық, сыни және креативті ойлай алатын, ізденімпаз, өмірін білім мен кәсіби қабілетін жетілдіруге арнауға дайын азаматтарды тәрбиелеп шығаруымыз қажет деп санаймыз. «AMANAT» партиясы, ел аманатын арқалай отырып, Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтын, озық ойлы, білімді әрі талапты азаматтарды қоғамдық өмірде белсенділігімен танылуына мүмкіндік ашып, жас буын өкілдері қатарынан қоғам көшбасшыларын даярлауға ықпал етеді. Олардың қатарынан ел басқару ісіне қабілеті бар жастар шоғырын тәрбиелеп, жауапты қызметке келуі үшін игі мүмкіндіктердің бәрін қарастырады.
Жас буын өкілдерімен жұмыс жүргізуде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесімен тығыз ықпалдастықта қызмет атқарады. Жастар контингентіне бағдарланған 12 мемлекеттік бағдарламаның орындалуын үйлестіреді. Оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, оларға кәсіби бағдар беру, жас буынның кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету, білім алуға құштар, талапты жастардың еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріндегі жоғары оқу орындарында білім алуларына жағдай жасау, жастардың волонтерлық бастамаларына қолдау көрсету, оларды құқықтық тәлім-тәрбиеге баулу, экологиялық таным-түсініктерін кеңейту, жастар арасындағы қоғам дерті саналатын нашақорлық пен лудоманияға қарсы күрес жүргізу, өскелең ұрпақты вандализмнің келеңсіз көріністерінен сақтау сынды өзекті тақырыптар шеңберінде мақсатты іс-шаралар өткізу қолға алынған.
Бүгінгі таңда партияның өңірлік филиалы жанындағы жастар қанаты 5800-ден астам партияның жас белсенділерін біріктіреді. Партия айқындаған құндылықтар аясына біріккен жастарымыз, партиялық алаңдарда «Бір толқында» диалог кездесулерін өткізіп, күн тәртібінде қамтылған өзекті деген тақырыптар шеңберінде жастардың қызығушылығы бар мәселелерді, сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты қарастырды. «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы бойынша ұрпақтар сабақтастығы дәстүрін жалғастырып, аға ұрпаққа деген қадір-құрметін көрсетті. «ТазаLIKE», «Таза бейсенбі» экологиялық науқандары барысында жастарымыз өңірдегі өзен-көлдердің жағалауларын санитарлық тазартуға үлесін қосып, замандастарының экологиялық санасын қалыптауға жәрдем көрсетіп келеді. «Қайсар» әскери-патриоттық жобасы бойынша «Мен әскерге барамын» челленджі өтіп, әскери борышты өтеудің абыройлы іс екенін паш етті. Партияның өңірлік филиалы жанындағы «Жастар қанатының» бастамасымен «AMANAT-AQYLMAN» интеллектуалды ойындардың іріктеу кезеңі басталып, облыс аудандары мен қалаларындағы жастар командаларға бірігіп, ой жарыстан кіл мықтыдан кім мықты шығатынын анықтауға кірісті.
Жас буынның елжанды ұрпақ боп өсуін қамтуда елімізде алғаш мәрте Түлкібас аудандық партия филиалының бастамасымен әскери борышын өтеп келген, қазір жұмыссыз жүрген бозбалаларды әскери бөлімдердегі бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға бағдарланған консультативтік кездесу жиыны болып өтті. Кездесуге республиканың 5 өңірінде орналасқан әскери бөлімдердің өкілдері келіп, келісімшарт бойынша әскери қызметші болудың мүмкіндіктері мен артықшылықтарын түсіндіріп берді, жұмыссыз бос жүрген жастарды айбынды әскеріміздің қатарын толықтыруға ұсыныстарын білдірді. Жастар контингентімен белгіленген іс-шаралар партияның өңірлік филиалының айрықша назарында болып қала бермек. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі жүзеге асуы Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның да жүйелі бақылауында болады.