Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында, «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрініс тапқаны айтылған болатын. Осы бағдарламаның бастамашысы болған «AMANAT» партиясы, ауылды – ел бесігі деп пайымдап, ауыл тұрғындарының табысын, біліктілігін арттыруды, ауыл адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсартуды негізгі басымдық ретінде белгіледі.
Ауылдық елді мекендердің дамуына демеу болатын «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру міндеттері партиямыздың Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол картасына еніп, олардың орындалуы партияластарымыздың тұрақты бақылауына алынған. Ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын жақсартуға, тұрмыстық ахуалын түзеуге, өз ісін бастаймын дегендерге қолдау көрсетуге бағдарланған бастамамыз ауылдық жерлерде жұмыс орындарының ашылуына септесіп, салық түсімінің көзі ретінде шағын кәсіпкерліктің дамуына серпін беруде.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы берген мүмкіндікпен өз ісін ашқан тұрғындардың бірі – Жетісай ауданы, Қазыбек би ауылының тұрғыны Медеу Орынқожаев. Бағдарламаға қатысуға құжат тапсырған азаматтың бизнес ұсынысы тиімді деп танылып, құрылысқа қажетті термопластик өндірісі ауылдан ашылды. Медеу Орынқожаев жаңа өндірісті жолға қоюға мемлекеттен 7,5 млн. теңге көлемінде төмендетілген пайызбен несие алып, құрылыс өнімдері нарығында танымалдылығы артып жатқан термопластиктің 100-ден астам түрін шығаруды бастады. Жаңа өндіріс орнында 5 адам жұмыспен қамтылып, тұрақты табыс көзіне қол жеткізді. Бұған дейін мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып келген азамат, осылайша өз кәсібін бастауға тәуекел етіп, тұрмыстық ахуалын жақсартуға қадам басты.
Айта кету керек, өткен жылы Жетісай ауданы Қазыбек би ауылдық округінде мемлекеттік жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған 87 азамат «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, өз кәсіптерін бастаған. Ауыл тұрғындары арасында жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешуге арналған бағдарлама, тұрғындардың әлеуметтік көңіл күйіне оң ықпал етіп, ауыл адамының күнкөріс көзі болып табылатын мүмкіндіктер одан әрі де кеңейе береді деген сенімдеміз.