Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында партияның аудандық, қалалық филиалдарының қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру бойынша семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі. Партияның өңірлік филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі ұйымдастырып, өткізіп жатқан іс-шараның ашылуына қатысқан «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев партиямыз еліміздегі ең ықпалды саяси күш ретінде және Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі санатында жүргізіліп жатқан барлық реформалардың ұйытқысы болуы керектігін жеткізді. Осы орайда, партияның аумақтық құрылымдарында қызмет атқаратын әріптестерімізге партиялық бағыт беру, оларға әдістемелік қолдау көрсету маңызды екенін айтып өтті. Семинар барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев партияның басымдықтарына тоқталып, жұмысты үйлестіру бойынша жиынды жүргізіп отырды.
Партиялық алаңда өткен семинар-кеңеске Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жауапты өкілдері, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы құрылымдық бөлімдерінің басшылары қатысып, жеке азаматтардан келіп түсетін арыз-өтініштерді тіркеу мен қарау тәртібі, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын тиімді ұйымдастыру мәселелері, есептілікті жүргізудің ұтымды әдістері, партиялық қызметті ақпараттық тұрғыда ілгерілетудің маңызды міндеттері жөнінде жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, кеңестерін берді.
Семинардың жұмыс бағдарламасына сәйкес, оған қатысушылар Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бөлім прокуроры Әділет Күмісбековтың жеке және заңды тұлғалардың арыз-өтініштерін қарауда «eotinish.kz» ақпараттық жүйесімен жұмыс жүргізу тәртібі, азаматтар жүгінулерінің электронды жолданымдарын рәсімдеу мәселелері, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінде қолданыстағы заң нормаларына сәйкес жұмыс жүргізудің процедуралары туралы лекциялары тыңдалып, аталған мәселелер бойынша ең көп тараған сауалдарға жауаптар берілді.
Ал партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Манат Жадақова аудан, қалалардан келген партия қызметкерлеріне қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысын ұйымдастырудың тиімді әдістері, партияға жүгінген азаматтардың арыз-өтініштерін «Documentolog» ақпараттық жүйесіне енгізу, олардың орындалуын тұрақты бақылауға алу мәселелері бойынша бекітілген талаптарды түсіндіріп өтті. Аумақтық партия филиалдарының биылғы жылғы жұмыс көрсеткіштері таразыланып, алдағы уақытта атқарылатын міндеттер пысықталды.
Партияның аумақтық құрылымдарының жұмысын медиакеңістікте ілгерілету мәселелері бойынша партияның өңірлік филиалының баспасөз хатшысы Назгүл Назарбекова хабарлама жасап, әлеуметтік желі контентін толықтырудың заманауи әдістері жөнінде бағыт-бағдар берді.
Айта кету керек, партиялас әріптестеріміздің жұмыс тәжірибесін, білім-білігін көтеруге арналған семинар, ең алдымен, партиямыздың беделін арттыруға қызмет етіп, сенім мен ынтымақтастыққа негізделген жаңа өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырады деген сенімдеміз.