«AMANAT» партиясы азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселесін айрықша қоғамдық бақылауға алып, жергілікті биліктің бұл бағыттағы жұмыстарының тиімділігін арттыруға күш салуда. Аймақтарда макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, инфрақұрылымдардың кешенді түрде қалыптасуына қол жеткізуде партиямыз мәслихаттардың мәртебесі мен ықпалын мейлінше пайдаланып, аймақтардағы қордаланған мәселелерді оңтайлы шешуге үлесін қосуда.
Осы міндет шеңберінде жуырда Шардара аудандық мәслихатындағы партиялық фракцияның отырысы өтіп, аманаттық депутаттар аудандағы басты инфрақұрылымдық мәселелер санатында сумен, электр қуатымен, газбен жабдықтау және жылумен қамту салаларындағы жұмыстардың атқарылу барысын саралады. Аудандық мәслихат депутаттарының фракция отырысына Түркістан облыстық мәслихатына Шардара ауданынан сайланған депутат Бақытжан Серманизов, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет қатысты, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.
Күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша аудандық мәслихаттың партиялық фракция мүшелері алдында Шардара ауданы әкімінің орынбасары Нұрмаханбет Сапаров есеп берді. Шардара аудандық тұрғын үй-коммуналдық шарушылық жолаушылар көлігі және автомобиль бөлімінің басшысы Бауыржан Билалов аманаттық өкілдерді аудандағы инженерлік инфрақұрылымдарды жаңарту жоспарымен таныстырды.
Фракция отырысы барысында депутаттар өздері сайланған аумақтардың тұрғындары көтеріп жатқан мәселелерді қозғап, елді мекендерді ауызсумен қамту, тозығы жеткен электр бағаналары мен трансформаторларды ауыстыру, табиғи газ жүйелерін тарту бойынша қосымша ұсыныстарын білдірді. Аудан орталығы – Шардара қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылумен қамтуда туындаған түйткілдерді ортаға салып, оларды тиімді шешу жолдарын әкімдіктің өкілдерімен бірлесе талқылады. Елді мекендерді сапалы интернет байланысымен қамту мәселесі де қозғалып, партияның сайлаушылары білдіріп жатқан өтініштер жергілікті атқарушы биліктің жауапты тұлғаларына жеткізілді.
Жұмыс жиынының қорытындысымен тиісті қаулы қабылданып, оның орындалуы аудандық мәслихаттың аманаттық депутаттарының бақылауына алынды. Қабылданған құжаттың тиісті тармақтарының орындалуын аудандық партия филиалы да назарда ұстайтын болады. Айта кету керек, инфрақұрылымдардың кешенді түрде қалыптасуы мәселесі арналған жиындар Түркістан облысындағы барлық аудандық және қалалық мәслихаттардың партиялық фракция отырыстарында қаралып, жергілікті әкімдіктердің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары депутаттық корпустың аманаттық өкілдері тарапынан зерделенетін болады.
Бұл өз кезегінде партиямыз айқындаған тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қамтып, дамыған аймақтар – қуатты экономика ұғымының мықтап орнығуына жәрдемші болады деген сенімдеміз.