Түркістанда қоғамдық-саяси ахуал және этносаралық қатынастар мәселелерін талқылау мақсатында штаб отырысы өтті. Басқосуда жастар, этносаралық қатынас, жер дауы мәселелері тарқатылды. Мәжіліске құқық қорғау органдарының өкілдері, жауапты басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда тұруы керектігін, басқарма, аудан әкімдігінің қызметкерлері өзіне жүктелген міндетті сапалы орындауы тиіс екенін айтты.– Облыстағы қоғамдық ахуал тұрақты бақылауда болуы тиіс. Тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштеріне жедел үн қату керек. Халық көп шоғырланған ауылдарға талдау жасалып, жастар арасында жұмыссыздықты жою, мемлекеттік бағдарламаларға тарту шаралары күшейтілсін. Елімізге танымал бизнес, өнер, спорт саласының майталмандарын шақырып, жаңаша форматтағы кездесулерді аудандар мен ауыл округтерінде ұйымдастырылған жөн. Бұдан бөлек жастарға ерекше назар аударып, қолдау көрсету маңызды. Биыл колледжге 15 мыңнан мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр. Грант жеткілікті. Жастарды білімге тарту бағытындағы жұмысты да жандандырыңыздар, – деген облыс әкімінің орынбасары нақты жұмыс жоспарын ұсынуды тапсырып, аталған бағыттағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.Мәжілісте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов пен қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев маңызды мәселелер бойынша баяндады.Жиын барысында Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Cәдибаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев аудандағы ахуал туралы айтып өтті.Жалпы облыс көлемінде халықтың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары екені ескеріліп, тиісті жұмыстар жалғасады.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық