Қоғам

САУРАНДА «ЫНТЫМАҚ, БІРЛІК, КЕЛІСІМ – ЕҢ АСЫЛ БАҚЫТ ЕЛ ҮШІН» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗІЛДІ

Сауран ауданы Үшқайық ауылдық округінде «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл бақыт ел үшін» тақырыбындағы кездесу болып өтті, деп жазады ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі. Жиынға аудан әкімінің кеңесшісі Мұхамеджан Ергешбайұлы, “Қоғамдық келісім” мекемесінің Сауран аудандық филиалының басшысы Арсылан Серікұлы, аудандық мәслихат депутаттары, тиісті дербес бөлім басшылары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.Шараның мақсаты Сауран ауданында өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері арасындағы татулықты нығайту, этносаралық кикілжіңдердің алдын-алу, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету болып табылады.Алғашқы баяндаманы «Қоғамдық келісім» мекемесінің Сауран аудандықбасшысы жасады. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округінің Ақсақалдар алқасының төрағасы Оңлас Опабековке сөз берілді. Онда қоғамды демократияландыруды тереңдету, оны топтастыру, азаматтық татулықты, тұрақтылықты, әлеуметтік жаңғыртуды, этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету негізінде қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті одан әрі нығайту бағытында сөз қозғалды.

Бүгінде Сауран ауданында 111282 халық тұрады. Оның ішінде: қазақтар – 49531, өзбектер – 61101, орыстар – 93, татарлар – 46, әзірбайжандар – 182, тәжіктер – 154, кәрістер – 1, ұйғырлар – 163, шешендер – 1, қырғыздар – 4, бақұрттар – 2, чуваштар – 2. Сауран ауданында Сауран аудандық өзбек  этномәдени бірлестігі заңды тұлға ретінде тіркеліп, жұмыс атқаруда.Сауран ауданы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Рысбеков. Бірлестік мүшелерінің саны 12-ні құрап отыр.

Қазіргі таңда Сауран ауданында 10-нан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Этнос өкілдері бір шаңырақ астында тірлік қылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Тарихи топырақта бой көтерген Сауран ауданының құрылғанына да 3 жылдан аса уақыт өтті. 2021 жылдан бастап, өзбек этно-мәдени бірлестігімен қатар, Ассамблея жанындағы «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалы құрылып, этносаралық татулықты нығайтуда белсенді жұмыс атқарып келеді.

Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 140-қа жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр.

Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылып, сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста сарапшылардың «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа жатқызғанын» ескерсек, мұның қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз. Алайда, тәуба! Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына айрықша мән береді. Мұны оның халыққа арнаған Жолдауларынан да байқауға болады. Яғни, өзінің баяндамаларының барлығында әрқашан да елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығын айрықша атап өтіп отырады. Сондықтан, елдік ұстанымға сай, еліміздегі барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат болған! Және алдағы уақытта да қымбат бола береді. Өйткені, елдік ұстаным осы!

Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады. 

Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқындар келіп, қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде елімізге жетіскеннен келмеген. Оларды сол кездегі саясат еркіне қарамай қоныс аудартты. Алайда, жарты бидайды бөліп жеген қонақжай қазақ халқының кең пейілінің арқасында олар естерін жинап, етектерін жапқан. Мұны сол кезде елімізге табан тіреген, көз көрген көнекөздердің барлығы да ашық айтады, алғысын жаудырып отырады. Қиыр Шығыс, Күнгей Кавказ, Солтүстік Кавказ, Қырым, Еділ арнасынан және өзге де елдерден жаппай жер аударулардың арқасында елімізге келген өзге ұлт өкілдері бүгінде өсіп, өніп отыр. Тіпті олардың бүгінгі ұрпақтары қазақ тілінде ана тіліндей сайрайды. Қазақстанның кең-байтақ жерін игеру, тың және тыңайған жерлерге түрен салуға қатысты ұрандатқан жылдары мыңдаған жастар Қазақстанда өз жаңа Отандарын тапты. Қандай мақсатта болмасын, елімізге табаны тиген өзге ұлт өкілдерін халқымыз ерекше жылылықпен және кең пейіл мінезімен қарсы алғандарын еске сала кету қажет.Мұны олардың өздері де сан қайтара айтып жүр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кейбіреулер Қазақстан Республикасын құру мүмкін емес деген болжамдар айтып жатты. Олардың мұндай «диагноз» қоюына республиканың көп ұлтты болуы себеп болса керек. Тіпті, елімізге қатысты «көп ұзамай ұлтаралық жанжалдар туындайды» деген болжамдар да айтылды. Әлбетте, мұндай негізсіз, дәйегі жоқ болжамдардың барлығы барша халықтың еліміздің ертеңіне, ұлтымыздың болашағына, күдікпен қарауға себеп болды. Тәуелсіздік алған жылдары талай жұрттың елімізді тастап көшкені соның дәлелі. Алайда, соның өзінде елімізде қалған сан түрлі этнос өкілдері жетерлік еді. Сондықтан, осынау аумалы-төкпелі кезеңде еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынасты, конфессияаралық жағдайды тезірек қолға алу қажет болды. Жағдайды тез бағдарлап үлгерген Мемлекет билігінің ұзақ жылдарға арналған, стратегиялық саясатының арқасында көздеген мақсатымызға жете білдік. Осы жылдар ішінде ел бірлігі бұзылған емес. Еліміздің бұл бағыттағы ұстанымы алдағы уақытта да жалғаса берері сөзсіз.

Осы орайда атап айта кетер жайт, еліміздің этносаясатын күшейту, ел бірлігін нығайту бағытындағы елеулі қадам 2008 жылы жасалды деуге болады. Осы жылы қабылданған Қазақстанның ел бірлігі доктринасы көп мәселелердің шешілуіне түрткі болды. Аталмыш маңызды құжатта еліміздегі барлық этнос өкілдерін біріктірудің маңызды негізгі мақсаттары мен ұлттық бірлікке жету міндеті қойылған. Тұтастай алғанда, этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімге қатысты мемлекеттік саясатты жүргізудің нәтижесінде бұл салада саяси-құқықтық үлгі қалыптасты. Бұл үлгіде жергілікті халықтар, яғни, қазақтар мәдени-тарихи өркениетті өзек ретінде көрініп, мемлекет құраушы негізгі ұлт ретінде танылған.

Қатысты жаңалықтар

АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТТЫҚ ТОП СОЗАҚТА ЖӘНЕ АРЫСТА ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

azatmedia

«Сұйық май ішкізіп, құйрық жегізді» – Павлодар тұрғынының өгей қызын аусыз ұрғаны белгілі болды

azatmedia

КӘСІПОДАҚ ҚАТАРЫ КӨБЕЮДЕ

azatmedia