Тәуелсіздік жылнамасының үшінші онжылдығының оңай болмайтындығына сөзінің салмағын салған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандастарын ертеңгі күнге үмітпен, сеніммен қарауға шақырды.
«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заң мен қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, біздің мемлекеттің мүмкіндіктері зор, алайда оның да шегі бар екендігін атап айтты. «Ең бастысы әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады.
Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана сезімі де өзгеруі тиіс. Дайындалып жатқан әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек», – деді Президент.
Жолдауда қоғамдағы әлеуметтік масылдық көріністердің белең алуын қатты сынаған Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықтың зардаптарын, сондай-ақ азаматтарды қорғауда өздеріне қауіп төндіріп алатын адвокаттардың өзін де қорғау туралы істердің жүзеге асырылуы қажеттігіне екпін салды.
Сөз соңында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің басты капиталы – халық екенін, бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтты.
Жолдауда айтылған басымдықтар мен нақты міндеттерді іске асыруға үлесімізді қосамыз.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық