Қоғам

Масылдық – жұмыссыздықтың дерті

Масылдық сана – ғасырлар бойы қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан дерт. Жұмыс жасамай, елден  көмек күтетіндер көбейіп кетті. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, қазіргі кезде Қазақстандағы жұмыссыздар саны 443,2 мың адамды, ал жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрайды.

Кейінгі кезде мемлекет тарапынан бөлінген түрлі көмектерді сіңіріп кеткісі келетіндер де аз болмады. Осыған байланысты “масылдық пен мұқтаждықты ажырату” туралы пікірлер жиі айтыла бастады.

Тіпті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл туралы арнайы тоқталған еді.

– Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап, өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Балаларға мемлекеттен солардың өздеріне жұмсау қажет. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер мемлекеттің тірегі,-деп көмекті тек мемлекеттен ғана күтпей, жеке кәсіп арқылы табыс табудың жолын табуға болатынын атап өтті.

Осыдан кейін масылдық ұғымын ажырату туралы айтып кетудің жолы келген сияқты.

«Масылдық сана» тіркесіндегі алғашқы — «масыл» сөзі Иран тілінің сөздігінде «мәслуб» сөзінің 1) айырылу, 2) тартып алу сияқты мағыналарын білдіреді, ал араб тілінде бұл сөз (мәслуб) басқа сөздермен тіркескенде — «бір заттан, нәрседен айырылу» деген мағынаға ие болған.

Иә, шын мәнінде масылдықтың ас­тарлы мағынасына үңілсек, онда белгілі бір қо­ғамдық себептердің бар екеніне көз жет­кізуге болады. Адамның ойы, мінез-құлқы әрдайым өзгеріп отырады. Бұл орайда қоғам мен өмір­лік жағдайлардың өзі тудырған жат қылықтар – жылдар бойы санада қалыптасып қойған. Біреу­дің есе­бінен өмір сүру, ауырдың үс­ті­мен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиын­дыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жа­ғымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі десек болады.

Белгілі философ Серік Нұр­мұратов масыл­дықтан арылу үшін адам рухани тұрғыдан баю керек деген пікірде.
– Масылдықты теріс құбылыс ретінде талай жырауларымыз, ше­шендеріміз өздерінің нақыл сөздерінде айтып кеткен. Масылдық айналып келгенде адамның өз-өзін түсінбеуінен, өзіне беретін бағасының төмен болуынан, рухани жетілмеуінен болады деп есептеймін. Ал шынтуайтына келетін болсақ, адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Шынайы еңбек қана адамды бақытқа жеткізеді.

Демек, адамның бақытты сезінуіне итермелейтін бірден-бір себеп – адал еңбек. Талмай еңбек ететін қоғамға рухани кемелдену қажет.

Ал танымал психолог Анна Құдия­рова масылдықтың туындауын қоғам­дық, әлеуметтік себептермен түсіндіреді.

– «Масылдық» пен «әлеуметтік инфан­тилизм» бір-бірімен тығыз бай­ланысты ұғымдар. Бұл қасиеттерді кез келген адамның бойынан кездестіруге болады. Неге десеңіз, біз бірден үлкен болып туа салған жоқпыз ғой. Бәріміз нәресте, бүлдіршін, бала болған кезден өттік. Ал кішкентай нәрестенің бойында масылдық психологиясы терең орнығып алады. Өйткені ол өзі ештеңе жасамайды, – дейді.

Оның пікірінше, кішкентай баланың сұрағаның бірден беруге бейімдеу – есейген шағында сол әрекетті қайталауға себеп болады.

– Мысалы, бала «қыңқ» етсе сүтін береміз, тамағын дайындаймыз, еркелетіп, әлпеш­тейміз. Міне, бұл оның санасында масылдық әдеттерін қалыптастырып тастайды. Сон­дықтан мұндай балалық психология әрқайсымыздың бойымызда, жанымыздың түкпірінде бәрібір сақталып қалатындықтан, мен ма­сылдықтан толық арылдым деп ешкім айта алмайды. Саналы, бейсаналы түрде болсын кез келген адамда баяғы ертегідей: «маған бәрі өздігінен келе қалса, мен ештеңе жасамасам. Бәрі бірден бола қалса» деген ойдың болуы психологиялық заңдылық. 

Расымен, «алма піс, аузыма түс» дейтіндер көбейіп кетті. Бұл әрекет психологиялық заңдылық деп, тағы  көзді жұмып қарауға болмайды. Қазіргі кезде «үкімет маған не береді» деп қол жаймай, керісінше еліме мен не бере аламын деген ойды санаға байлау – адамның талмай еңбек етуіне жол ашар еді.

Масылдықтың шығу төркінін Абай атамыз былай деп келтіреді:  «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» (Үшінші қара сөз).

Қазір әрбір жұмыс істеймін деушілерге барлық мүмкіндік бар. Дегенмен қоғамда көмекке мұқтаж жандар да бар.  

Еске салсақ, қай бір жылы  қыстың аязды бір түнінде бір отбасының бес баласы бірдей опат болған еді. Осы оқиғадан кейін аналар наразылығы күшейіп, мемлекеттен көмек талап етті. Соның нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек ретінде үкіметтен жәрдемақы тағайындалды.

Осыдан кейін қоғамда түрлі пікір көбейіп, бұл көмекті мұқтаж емес жандардың да алуға тырысқаны байқалды. Соның кесірінен шын мұқтаждардың көмектен тыс қалу қаупі болғаны жасырын емес.

Жалпы жәрдем сұрағандардың бәрін жалқау, масылдық санадан айырыла алмай жүр деу жала болар еді. Дегенмен жағдайы төмен отбасыларға бөлінген несібені орта жолдан пайдаланғысы келген жандарды “масыл” демеске амал жоқ.

Жоғарыда айтып өткендей, бұл ұғымның парсыша мағынасына келіп тұрғандай көрінеді. Сондықтан масылдық пен мұқтаждықты ажырата білудің маңызы зор.

Қатысты жаңалықтар

Қазығұртта бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізіледі

azatmedia

Ар түзелмей, заң түзелмейді

azatmedia

Электр қауіпсіздігі

azatmedia