Әлемдік қоғамдастық шеңберінде мемлекетіміз «ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің қазақстандық моделімен» ерекшеленеді. Ұлт саясатындағы қазақстандық модельдің іргетасы бірнеше факторға табан тірейді және ол отандық дара құндылық болып қалыптасты.
Ұлтымыздың дәстүрлі ділі мен ұлттық қасиетінде көп құндылықтар тоғыс-қан. Көшпелі және малшылық өмір салтын ұстанған көшпелілер соңғы алты мыңжылдықтың ішінде киелі Қазақстан жерінде бойына ұлттық діл мен этностық қасиеттің ашықтық, толеранттылық, қонақжайлық, басқа ұлт өкілдеріне деген сыйластық сияқты тамаша әрі қайталанбас белгілерін сіңіре алды. Мысалы, қазақтардың қонақжайлығы туралы белгілі Ресей ғалымы А.И.Левшин: «Егер де ауылға бір қонақ келе қалса, әсіресе алыстан келсе, сол сәтте барлығы оны тыңдау үшін жинала қалады және дастарқан жайып, күткені үшін әңгімеден басқа ештеңе талап етпейді», деп жазады.
Біздегі дәстүрлі билер соты (дала соттары) жат елдіктерді лайықты қарсы алмаған адамды айып төлеуге міндеттеген. Бұл қасиеттерді біз, қазіргі қазақтар мен қазақстандықтар, әлі күнге дейін жоғалтпақ түгілі, одан әрі өркениетті, жаңғыртушылық арнада дамытып келеміз. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтар арасындағы келісім мен достықтың алтын тамыры қазақтарға тән асыл қасиеттерде жатыр», деп түсіндірген еді.
Бұл ретте біз халқымыздың ұлттық белгілерінің синкреттік сипатын айтпай кете алмаймыз. Үлкен империялар құрған біздің бабаларымыз түрлі этностар мен сан қилы мемлекет өкілдерінің жақсы қасиетін бойына жинағаны, тегі синкреттік екені белгілі. Басқаша айтсақ, қазақтар әуел бастан және қазір де қандай да бір ырым-жырымсыз, соқыр нанымдарсыз, басқа ұлттарды ассимиляциялаушы басқыншылық саясатсыз ұлтаралық байланыстарға дайын. Айталық XVII ғасырдағы қалмақтар тегеуірінінен Ноғай ордасы күйреген кезеңде Кіші жүздің құрамына ноғайлықтардың едәуір топтары қосылды. XVIII ғасырда қазақтармен жүз жылдан астам болған соғыстарында жеңіліс тапқан жоңғарлар, қалмақтар да қазақ арасына сіңіп кетті. Атақты Абылай хан жорықта қолға түскен қырғыздары Көкшетауға орнықтырды. Олар өсіп-өніп ХІХ ғасырда Жаңақырғыз және Байқырғыз болыстарын құрады. Қазақ халқының құрамына кіргеніне қарамастан, олар әлі күнге дейін өздерінің бастапқы атауы мен өзіндік санасын жоғалтқан жоқ. Олар үнемі «Біз – тегі қырғыздан шыққан қазақтармыз», – дейді.
Көшпелі қазақтар мен олардың түркітілдес ата-бабаларының қозғалыс белсенділігі мен бейімделгіштігінің жоғары деңгейде болуы олардың көрші халықтармен және мемлекеттермен мәдени-тілдік, әлеуметтік, эконо-микалық және саяси байланыстарға оңай түсуіне мүмкіндік берді. Ұлы дала тұрғындарының ешқандай жалған нанымдары мен соқыр сенімдері болмады: олар дүние қандай – сол қалпында қабылдады. Олар қоршаған әлемді төменгі немесе жоғарғы дәрежедегі халықтарға бөлген емес. Дала тарландарын өзге мемлекеттердің тағына немесе әскер басылары ретінде шақырулар да сирек болған жоқ. Мысалы, XIV ғасырда Қытай империясы Юань әулетінің қолбасшылары негізінен Қазақстаннан шыққан қыпшақтар еді. Бұдан бір ғасыр бұрын бүкіл Араб Шығысының патша тағына құдіретті де жеңілмейтін мәмлүк билеушісі, әйгілі сұлтан Бейбарыс отырды. Содан 100 жылдан астам уақыт бойы мәмлүктерді Қазақ даласынан шыққан сұлтандар басқарып келді.
Елбасы ұлттық өзіндік сана мен халықтың біртектілігі мәселелеріне мұқият көңіл бөледі. Осы орайда ол далалықтардың ашықтығы, олардың әуел бастан қоршаған әлем мен басқа өркениеттерден оқшауланудан бас тартқандығы турасында тереңнен пайымдайды: «Қазақ халқы ешқашан тұйық, оқшау болған емес. Ол тағдырдың тәлкегімен, Тәңірдің қалауымен әртүрлі ықпалдарға ашық болды, солай бола тұра ұлттық мәнін сақтап қала алды».
Біздің көпэтностылығымыз басқа мемлекетке қарағанда біршама өзгеше қалыптасты: көпэтносты карта патшалық әкімшілік пен большевиктер жүзеге асырған жаппай депортациялау, жер аудару, аштық, қазақстандық лагерьлерге, түрмеге тоғыту және басқа да саяси аласапырандар барысында кескінделді. Сондықтан да мәжбүрлікпен қоныс аударушылардың жаны қиналып Қазақ даласына жеткенде, жергілікті қазақтардың соңғы нанымен бөлісіп, баспана беріп, жақын-туыстарынан да жақын болып, аман қалуына себеп болғандығын ешқашан ұмытпайды, олар шынайы достықтың бағасын біледі. Оларды мағынасыз, ағайынның ту сыртынан пышақ ұратын ұлтаралық қақтығыстарға итермелеу қиын. 2015 жылдан бастап түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне және әсіресе қазақтарға Алғыс айту күнін енгізуді ұсынуы кездейсоқ емес.
Шетелден келген қандастарымыз жаппай қайта оралуын, ұлтымыздың бірегей ділі мен дінін назарға алатын болсақ, ұлтаралық қатынастар саласындағы тұрақтылыққа ықпал етеді. Мынадай айқын заңдылық бар: елімізге шетелдік қазақтар неғұрлым көбірек келсе, сырттан дөрекі түрдегі килігушіліктер мен іштегі ұлтаралық келісімді шайқалту мүмкіндігі соғұрлым аз болады. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізге 1 миллионнан астам адам келген. Қазіргі уақытта мемлекет құрушы қазақтардың саны 70%-ға жетті. Ал тәуелсіздікті жариялаған жылдары біздің санымыз жалпы халық санының 40 %-ын ғана құрағанын естен шығармаумыз керек.
Халықты ұйыстыруда қазақ тілінің жетекші рөлі зор. Қазіргі таңда мемлекеттік тіл қолданысы кеңейіп, ол бүкіл Қазақстан халқын ұйыстыру тіліне айналып отыр. Мемлекеттік тілді білу арқылы өзге этностың өкілдері тілдік кедергілерді жойып, «қазақ азаматы» болып кетеді. Біздің азаматтарымыз бірін-бірі жақсы түсінеді. Ұзақ уақыт бойы жергілікті халықтың тілі заңсыз шеттетіліп, КСРО-ның жергілікті және орталық үкіметінің кесірлі саясаты үстемдік етті. Тек тәуелсіздік қана қазақ тілінің мемлекеттік тіл деңгейіне жетуіне мүмкіндік берді. Елімізде мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы қабылданған. Бұл орайда, кезінде Елбасы «Менің сенімім мынада: қазақ тілі мен мәдениетін дамыту міндетін шешпейінше, ұлттық саясат мүмкін болмайды», деп шегелеп айтқан еді.
Қазақстандағы ұлтаралық бейбітшілік пен келісім ғасырлар мен мың-жылдықтарға ұласпақ. Бұл үшін біз бір-бірімізге қамқорлықпен қарап, төзімділік танытып, елдің аумағында тұратын барлық этнос өкілдерінің тілін, мәдениетін сыйлауымыз қажет. Бүгінгі сыннан өткен саясатымыз бен кешегі тарихымыз Қазақстан – ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен келісімнің ұйытқысы болып отырған ел деп нық сеніммен айтуға мүмкіндік береді. Ашықтығымыз бен мейірбан мінезіміздің өзіндік түп-тамыры тұрақтылық пен мығымдылық, өзара түсіністік пен баяндылық үшін барлық жағдайды туғызып отыр. Ұлтаралық тұрақтылықтың берік іргетасын күшейту және нығайту мақсатында біртұтас Қазақстан халқы аянбай еңбек ете бермек. Келешек ұрпақтың міндеті – осы құндылықты көздің қарашығындай сақтап, оған қамқор болу.