Жаңалықтар

ТІЛ ҮЙРЕТУ ҮЙРЕНУДЕН ДЕ ҚИЫН

Дөңгеленген дүниенің сыртқы дидары да, ішкі сипаты да сәт сайын құбылып, сағат сайын өзгеріп келеді. Оны кеше мен бүгінді, өткен мен қазірді салыстырып отырып аңғаруға болады. Замананың күллі адамзатқа ортақ заңдылықтары ескі арнадан ойысып, жаңа құндылықтар қалыптасып жатыр. Осындайда ескілікке шырмалып, есті сөзге, кесімді әрекетке бара алмаған талай ұлт өркениеттің көшінен кейін қалып барады. Жаһандану жеке адамды былай қойғанда, тұтас ұлттарды, елдерді асау аттай өз ырқына көндіріп, бағындырып, ноқталап келеді. Оның жойқын дауылынан ешбір ел, ешбір тіл тыс қала алмайды.

Өткен ғасырда азаттық алу сынды асқақ арман әлем мемлекеттерінің күн тәртібіндегі басты тақырып болатын. Бүгінде оның саяси сипаты өзгерген, түрленген. Қазіргі қоғам мәдени бодандықтың зардабын көріп отыр. Бұрындары күшпен, қорқытумен, үркітумен әлдекімді бағындыра ұстаса, бүгіндері сандық технология һәм салмақты саясаттың өзімен-ақ санаға билігін жүргізіп отырған алпауыттар бар. Әрине, келмеске кеткенді аңсап, өткенді жырға қосқаннан көшіміз түзеліп, келбетіміз көрікті бола кетпейді. Қазақтың саны аз, сәйкесінше, салмағы мығым емес. Осындайда, өткір іс, батыл ұстанымның қажеті айтпаса да белгілі. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта нәпақа табу қамымен шекара асып, шетке кеткен отандастарымыздың саны көбейді. Бір қызығы, олар қай елдің нанын жесе, сол елдің тілін меңгеріп шыға келеді. Оны былай қойғанда, батыс елдерінде білім алғысы келетін қазақтың қарадомалақтары ағылшын тілін меңгеріп, «IELTS» сынағын тапсырып жатады. Демек өткен ғасырда әлемді уысында ұстаған ағылшындар тілді қоғамдық қатынас құралы ғана емес, жалпы ғылым ретінде дамытып отыр. Ғылыми деп отырғанымыздың себебі де жоқ емес. Бұл тіл – әлемдегі ең оңай тілдердің біріне жатады. Яғни заман ауған сайын ғалымдар екшеп, түзеп, жеңілдетіп келеді. Ал нарық пен қазіргі заманның заңдылықтарына сүйенсек, қолданылуы оңай, түсіндірмесі жеңіл нәрсенің бәрі қоғамдық игілікке тез айналып шыға келеді. Осындайда мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалына назар аударып көрейік. Бүгінде қазақ тілінің орфографиясын жүйелеу аса маңызды. Ресми түрде бұл саладағы негізгі құжат 1983 жылы бекітілген. Әйткенмен күні бүгінге дейін әлемдік деңгейде сан түрлі терминдер қалыптасты. Оларды дұрыс жазу заңдылықтары күн тәртібіне шықты. Осыны ескермегендіктен, бізде бұл сала кейін қалып келеді. Содан да болар, әлеуметтік желілерде сөзді қалай дұрыс жазу керегін үйрететін түрлі топтар жұмыс істеп келеді. Бірізділік тағы жоқ. Салыстыра қарасақ, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан сынды елдерде орфографиялық сөздік 5 жылда бір рет жетілдіріліп отырады.

Әдістеме саласында да мәселе жетерлік. Елімізде мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі мектептен бастап мемлекеттік қызметшілерге дейін үйретіледі. Әйтсе де ортақ тіл үйрету жүйесі жоқ. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, әдістеме саласына тілдік деңгейлердің ғылыми тұрғыдан мазмұндалған контенті енеді. Мәселен, ағылшын тілін меңгеруде А1, А2, В1, В2, С1, С2 деңгейлерінің барын жақсы білеміз. Осының негізінде ағылшын тілі «TOEFL», қытай тілі «HSK», жапон тілі  «JLPT», француз тілі «DELF», «DALF», испан тілі «DELE» жүйелері бойынша үйретіледі. Бұл жүйелер тілді меңгерудің лексикалық және грамматикалық минимумдарына құрылған. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай тәжірибе жоқ. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның жоғары оқу орындарында 28 964 шетелдік студент оқиды. 15 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істейді. Сәйкесінше, бұларға грант немесе жұмыс істеуге квота берілер уақытта мемлекеттік тілді білу талабы ескерілмей жатады. Рас, елімізде «ҚАЗТЕСТ» бағалау жүйесі бар. Әйткенмен ол тек тілді меңгеру деңгейін анықтаумен шектеледі. Қала берді, шетелдік жұмысшылар мен шеттен келетін студенттерге мұны тапсыру талабы тағы жоқ. Осылайша тілді үйрету әдістемесі әзірге кемшін қалып отыр.

Тілді деңгейге бөліп, оқыту – әлемдік тәжірибеде бар әдіс. Бірқатар елдерде онымен арнайы орталықтар айналысады. Мәселен, «Гете» институты неміс тілін оқытумен ғана шектелмей, тілдік деңгейді меңгеру бойынша сертификат та береді. Сәйкесінше, Германияға барып оқығысы немесе жұмыс істегісі келетін кез келген азамат аталған институтта оқып, тілді меңгеріп, сертификатын алуға тырысады. Бір қызығы, Германия аумағынан тыс жерлерде сертификатты беру құқығы тек «Гете» инсититутында ғана бар. Осының арқасында немістің нанын жегісі, білімін алғысы келетіннің бәрі бір ғана әдістеме негізінде тілді меңгеріп шығады. Бізде де 2 жыл бұрын «Абай институты» құрылған болатын. Жоғарыда аталған тәжірибені дәл осы орталыққа енгізсек, оқу мен жұмыс іздеп келген шетелдікке ғана емес, түрлі саяси салқындық салдарынан тілі мен ділін ұмыта бастаған қандастарымыздың да қазақ тілін меңгеруіне жол ашар едік. Ал енді қазақ тілін меңгергенін растайтын сертификаттың беделін биіктету үшін білім саласына арнайы гранттар енгізу, жұмысшыларға жағдай жасау сынды бастамаларды енгізуге болады. Мұның жарқын мысалын «Юнус Эмре инстиутынан» көруге болады. Аталған орталықтарда тілді жақсы меңгерген жандардың Түркияда саяхаттау мүмкіндігі қарастырылған. Осыдан болар, тілді меңгеруге келген жандардың құлшынысы жоғары, талабы жақсы.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік тілді төпелеп отырып тұрғындарға да, шетелдіктерге де үйрете алмасымыз анық. Рас, қазақ тілі – бай тілдердің бірі. Оған ешкімнің дауы жоқ. Әйтсе де әлеумет пен қазіргі заманның сұранысын ескеріп, меңгеруге жеңіл, қолдануға оңай етіп тілдік деңгейге бөле оқытсақ, нәтиже жақсы болар ма еді!? Тіл тағдыры өз қолымызда. Ал енді оны өміршең ету үшін әңгіме емес, әрекет керек!

Нұргүл ЕШІМОВА.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: БИЫЛ БӘЙДІБЕКТЕ «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫМЕН 20-ҒА ЖУЫҚ КӨШЕ ЖӨНДЕЛЕДІ

azatmedia

Шымкент қаласы әкімінің прессегі ашуланса, «ұрып жібермей ме?»

azatmedia

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚЫТАЙДЫҢ ШЕТЕЛДЕГІ ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

azatmedia