Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауылдық аумақтарды дамыту» жөнінде тұжырымдама әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойған еді. Президенттің осы тапсырмасын орындаған Үкімет Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы әуелі тұғыры мығым тұжырымдама дайындап алып, ауылды дамыту ісін соның қағидалары мен негіздерінен ауытқымай іске асыруды көздеген. Сондықтан бірінші кезекте бекітілген тұжырымдама бойынша ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Сондай-ақ тұжырымдама аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Осы бағытта өңірде халықтың жағдайын жасау бойынша да жұмыстар атқарылуда. Ордабасы ауданының орталығы Темірлан елді мекенінде орналасқан Черемушка мөлтек ауданындағы тұрғын үйлерді жаңарту жұмыстары өз жалғасын табуда. Осы жұмыстарды бақылау барысында аудан әкімі Нұрбек Бадырақов Т.Рысқұлов көшесіндегі №1-ші үйде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінде жұмысшылар аталған үйдің шатырын ауыстыруда. Одан соң ғимараттың сыртын, кіре берістерін ретке келтірілмек. Сондай-ақ, үйдің сыртындағы әр пәтердің қоймалары да жаңартылады. Аралау барысында Нұрбек Бадырақов тиісті бөлім басшысына мердігер тарапынан жүргізіліп жатқан жұмысты қатаң бақылауда ұстауды және мердігерге жұмысты сапалы жүргізуді тапсырды.
Жалпы Черемушка мөлтек ауданында 23 көп қабатты тұрғын үй орналасқан. Аталған үйлердің құрылысы 1978 жылы жүргізілген, алайда бұл пәтерге бүгінгі таңға дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы мәселені қолға алу мақсатында 2020 жылы «Темірлан ауылындағы көп қабатты тұрғын үйлерді жаңғырту» жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалған. Былтыр жергілікті бюджеттен 94 163,00 мың теңге бөлініп, 9 көп қабатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта аудандағы 3 көп қабатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалған үйлер бөлінген қаржыға байланысты кезең-кезеңімен жаңартылмақ.
Сонымен қатар, аудан әкімі Нұрбек Бадырақов аппараттық жиында тиісті сала мамандарына елді мекендерге газ тарту жұмыстарындағы кемшіліктерді тез арада қалпына келтіруді, жұмыс сапасын қатаң бақылауға алуды және көгілдір отынның тұрғындарға мерзімінде берілуін тапсырды. Сондай-ақ тұрғындармен газ беруші мекеме арасындағы келісім-шарттарға мән беру керектігін ескертіп, салаға жауапты орынбасарына, бөлім басшысына және ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Биыл ауданда 17 елді мекенді (Бірлік, Жамбыл, Ақжол, Мақташы, Бейсен, Қараспан, Төреарық, Көлтоған, Берген, Батар ата, Ынталы, Аманкелді, Елшібек батыр, Спатаев, Төрткөл, Қарақұм, Бірлік) табиғи газбен қамту көзделген. Аталған елді мекендер газға қосылған жағдайда аудан бойынша қамту деңгейі 47,4%-ға жетеді. Яғни, 27 елді мекен және 60 815 адам көгілдір отынға қол жеткізетін болады. Одан бөлек, 13 елді мекенге газ тарту үшін ЖСҚ әзірленді. Олар: Жусансай, Аққойлы, Сарыарық, Ақпан, Нұра, Бадам, Дербес, Мамыр,Ордабасы, Ақбұлақ, Қарабастау, Дихан, Қалаш елді мекендері.
Оның 8-і 2024 жылға өтпелі (Бөген, Көкарал, Еңбекші, Шұбар, Береке, Сарытоғай, Тоқсансай, Шұбарсу). Нәтижесінде аудан бойынша газбен қамту деңгейі 82,5% немесе 109 289 адамға жететін болады. Аппараттық жиында алдыңғы жылдары отырғызылған ағаш көшеттерінің өнімділігі, күтіп-ұстау мәселелері қаралды. Аудан басшысы ауыл әкімдеріне, тиісті сала мамандарына әр ауыл округтердегі белгіленген жерлерге отырғызылған көшеттерді мерзімінде суғаруды, түптерін қопсытуды, қоршауға алуды, қураған ағаштардың орнын ауыстыруды тапсырды.
Бұдан бөлек, аудан әкімі ауданның инвестициясы мен экономикасын ілгерілету бағытында, сондай-ақ мәселелерін тыңдау мақсатында бірнеше инвесторлармен кездесті. Олардың барлығы отандық бизнес өкілдері. Мысалы, RZN жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен Бадам ауылдық округінде автоклавты газ блоктарын шығаратын зауыт салып жатыр. Жобаның құны 1,6 млрд.тг. Аталған өндіріс орны ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде жергілікті 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады.
Сонымен қатар кездесуге Gold Aluminium ЖШС-ның өкілі де қатысып, алюминий бұйымдарын өндіретін зауыттың тамыз айында іске қосылатынын айтты. Бұл жобаның құны 3 млрд.тг.құрайды. Нәтижесінде 100-ге тарта адам жұмыспен қамтылады.
Жалпы, аудан басшысының төрағалығымен өткен жиынға ағымдағы және 2024 жылы іске қосылатын “Arlan stroy” ЖШС (қыш зауыты), “Батсу Водоканал” ЖШС (қыш зауытын модернизациялау), “Fattah International company” ЖШС (стерильденіп оралып жеуге арналған дайын тағам), “ADS agro” ЖШС (ірі қара мал мен қой бордақылау алаңы), “Русагро” ӨК (қызанақ пастасын өндіру) және т.б. инвесторлар келді.
Өз кезегінде аудан әкімі өз қаражаттарына өндіріс орнын және басқа да ірі жобаларды ауданда жүзеге асыруға ниет білдірген инвесторларға жан-жақты қолдаулардың көрсетілетіндігін айтып, бірінші кезекте халықты жұмыспен қамтуды, ауданның салықтық түсімін көтеруге бет алған бизнес өкілдері тарапынан көтерілген мәселелерді заң аясында шешуге тапсырма берді.
Түркістан облысында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту бағытында бірқатар жобалар қолға алынып, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп келеді. Жергілікті кәсіпкерлер де өз кәсібін дөңгелетіп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға атсалысуда. Ордабасы ауданының орталығы Темірлан елді мекенінде шағын тігін цехы жұмыс істейді. Мұнда тапсырыспен арнайы киімдер тігіп шығарады. Жеке кәсіпкер, «Аялы алақан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ерболат Байсахалов цехты 3 жыл бұрын іске қосып, қазіргі таңда тұрақты тұтынушылары да бар. Тігін шеберханасында 20-дан астам адам еңбек етуде. Барлығы – жергілікті тұрғындар.
Биыл кәсіпкердің өндіріс орнына аудандық жұмыспен қамту орталығынан 8 адам әлеуметтік жұмыс орнымен жұмысқа жолданған. Айта кетейік, өткен жылы Ордабасы ауданында 170 азаматты әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа жолдау жоспарланып, нақты жолданған азаматтар саны 187-ні құрады. Ал биыл 200 адамды қамту көзделсе, жыл басынан бері 209 азаматқа жолдама берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Одан соң, аудан әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Күн тәртібінде ауданда «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының іске асырылуы, жастарды жеңілдетілген несиелендірумен қамту және сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының жай-күйінің мәселелері қаралды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған “Ауыл аманаты” жобасына қатысуға Шұбар және Бадам ауылдық округтері бойынша тиісті қаржылық институтына (“Ырыс” МҚҰ) 70-тен астам құжат өткізілген. Оның 18-і мақұлданған. Аудан әкімі қатысушылардың аз екенін айтып, жауапты мамандарға, ауыл округтердің әкімдеріне аталған жобаны кеңінен насихаттауды, ниет танытқандарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ қосымша енгізілген Қараспан және Бөржар ауылдық округтерінде тиісті жұмыстарды жандандыруды міндеттеді. Жастарды жеңілдетілген несиелеу (2,5%) бойынша 24 адамнан өтініш түскен болса, оның 8-і мақұлданған. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмей жатқандығын сынға алған аудан басшысы ауыл округтердің, оның ішінде Бадам, Жеңіс, Бөген және Шұбар а/о әкімдеріне әр кемінде
10 жасты қатыстыруға бір апта мерзім беріп, нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, ерекше жобалары бар жастарға көп көңіл бөлу керектігін айтты. Ауданда көрнекі ақпарат құралдарының біразы тозған. Бірқатары баннер ілінбей бос тұр. Аудан әкімі аталған мәселе бойынша ішкі саясат бөлімі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мен ауыл әкімдеріне кемшіліктерді ретке келтіруді тапсырды.
Ордабасы ауданы, Шұбар ауылдық округіндегі “Шұбар” ӨК егістік алқабында
“Егістік алқаптарды тиімді пайдалану, агро химиялық өңдеулер жүргізу және өнімділігі мол тұқымдарды отырғызумен қатар су үнемдеу технологияларына көшу” тақырыбында аудандық семинары да болып өтті. Семинарда ауылшаруашылық, оның ішінде егін шаруашылығы бағытында түрлі қызметтер көрсетіп жүрген фирмалардың өкілдері минералды, органикалық тыңайтқыштар, элиталы өнімділігі мол тұқым және ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесін ұйымдастырды. Жиында аудан әкімі Нурбек Бадыраков сөз сөйлеп, мәні мен маңызы зор семинарға қатысуға ниет білдірген агроқұрылым жетекшілеріне, шаруаларға алғысын білдірді.
– Құрметті семинарға қатысушылар!
Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда жерден мол әрі сапалы өнім алу үшін түрлі органикалық, минералды тыңайтқыштар қолданысқа енгізіліп жатыр. Уақытты, адами ресурстарды көп қажет етпейтін, жердің ылғалдылығын ұзақ сақтауға мүмкіндік беретін көптеген техникалар пайда болуда. Өңіріміздегі бірқатар агроқұрылымдар аталған заманауи дүниелерді іс жүзінде пайдаланып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Мысалы, көрмеде Еуропада шығарылған дән себетін аппаратты көрдік. Бір өзі бес түрлі қызметті атқарады. Бір күнде 50 Га жерге дән себуге қауқарлы. Құрылғының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар,
егістік алқапты дәрілейтін дронды көрдік. 6-7 минутта 1 Га алқапты дәрілеп үлгереді. Жалпы, осындай технологияларға бейімделу бүгінгі күннің талабы. Одан бөлек, қазір әлем дайын тағамдарды тұтынуға көшіп жатыр. Бізде дайын тағам әзірлеуге қажетті өнімдерді дайындау үшін мүмкіндігіміз бар. Дегенмен, өнімдеріміздің сапасын арттыру маңызды – деген аудан әкімі ниет танытқан ауданның агроқұрылымдарына, шаруаларына, азаматтарға жан-жақты қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізді.
Ордабасы ауданы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы жерлері – 218 234 гектарды құрайды. Оның ішінде егістік жерлер – 87 348 га (тәлімі жерлер – 53 330 га, суармалы жерлер – 34 018 га) Ауылшаруашылығы саласында ағымдағы жылдың қаңтар–наурыз айларында 7,7 млрд.тг өндірілген өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100 пайызды құрады. Ағымдағы жылы – 70,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып, бүгінгі күнге жоспар – 65,8 мың гектарға немесе 93 пайызға орындалып отыр. Меже дақылдардың оңтайлы мерзіміне қарай толығымен орындалатын болады. Сонымен қатар егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында бір алқаптан 2-3 рет өнім алу жобалары бойынша ағымдағы жылы – 401 га дақылдар егу жоспарланып орындалуы – 408 га немесе 101,7% орындалды.
Сонымен қатар, ағын суды үнемді пайдалану арқылы мол өнім алу бағытында ағымдағы жылы – 500 гектар жерге тамшылатып суғару жүйесін ендіру жоспарының бүгінгі күнге орындалуы – 340 га немесе 68 пайызды құраса, жаңбырлатып суғару жүйесін ендіру жоспарының (500 га) орындалуы 430 га немесе 86 пайызды құрап отыр. Бұл ретте, көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде жүргізу мақсатында ауданға – 3 380 тонна жеңілдетілген бағада жанармай бөлініп, 2 оператор анықталған, нәтижесінде ақпан-сәуір айларына бөлінген – 2 730 тонна жанармайдың – бүгінгі күнге алынғаны 2 196 тонна немесе 80 пайызды құрап отыр. Минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша егілген дақылдарға қажеттілік – 4 936 тонна болса, бүгінгі күнге алынғаны – 1 890 тонна немесе 40 пайызды құрап отыр.